Apple акциясы құлдырағаннан кейін, Microsoft әлемдегі ең қымбат компания атанды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Microsoft әлемдегі ең қымбат компания атанды / Фото: shutterstock

Дональд Трамптың импорттық тарифтерінен кейін, соңғы 4 күнде Apple акциясының құны 20%-ға төмендеді. Бұл жағдай Microsoft-тың әлемдегі ең қымбат компания атануына мүмкіндік берді.

Қазір қор нарығындағы Apple акцияларының құны 172,42 доллар деп бағаланды. Жалпы нарықтық құны 2,59 трлн доллар болды. Бұл уақытта Microsoft акциялары 354,56 доллардан сатылып жатыр. Компанияның нарықтық құны 2,64 трлн долларға жетті. Үшінші орында – акциясы 96,30 доллардан сатылып жатқан Nvidia, оның нарықтық құны 2,35 трлн долларды құрайды.

Америкалық қор нарығындағы құлдырауға дейін осы үш компанияның да капиталы 3 трлн доллардан да жоғары болған.

Microsoft 2024 жылдың жазында да әлемдегі ең қымбат компания атанған. Кейін оны Nvidia басып озды. Содан бері Microsoft пен Apple бірінші орын үшін таласып келді. Нарықта қандай жағдай болды?

АҚШ-та акция нарығының жаппай құлдырауы Дональд Трамптың өзге елдерге импорттық баж салығын енгізуінен кейін басталды. Ол өзгеріс 9 сәуірден бастап күшіне енді. Трамп Қытайға қосымша баж салығын енгізуді шешті, нәтижесінде олардың жалпы мөлшері 104%-ға жетті.

Осыдан кейін әлемдік қор нарығында дүрбелең басталды. Компаниялардың акциялары құлдырап, мұнай бағасы 60 долларға дейін арзандап кетті.

Трамп енгізген тарифтерден ең көп зардап шеккен технологиялық компанияның бірі Apple деуге болады. Өйткені оның өндірісі Қытайдан келетін кейбір тауарларға айтарлықтай тәуелді. Үндістанда, Вьетнамда және Таиландта да өндіріс орындары бар, Трамп бұл елдерге де жоғары баж салығын енгізді. Сарапшылар осы жағдайдан кейін iPhone 16 Pro Max бағасы 30%-ға қымбаттауы мүмкін деп болжайды.

Сондай-ақ оқыңыз