Бейжің АҚШ-тың баж салығын көтеруіне байланысты ДСҰ-дан консультация сұрады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қытай ДСҰ-дан кеңес сұрады / Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

АҚШ-тың Қытайға қарсы баж салығын көтергеннен кейін Бейжің Дүниежүзілік сауда ұйымынан (ДСҰ) ресми түрде консультация сұрады.

«Қытай ДСҰ-ның дауларды шешу тетігі аясында АҚШ-қа қатысты консультация сұрады. Себебі АҚШ 5 сәуірден бастап барлық сауда әріптестерінен келетін импортқа 10% қосымша баж салығын, ал 9 сәуірден бастап Қытайдан келетін импортқа 34% баж салығын енгізу шараларын қолға алды», – деп жазылған мәлімдемеде.

Егер 60 күн ішінде консультация нәтиже бермесе, мәселе дауларды шешу бойынша арнайы топтың қарауына жіберілуі мүмкін. Қытай тарапы бұл шаралар АҚШ-тың 1994 жылғы Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімі және басқа да бірқатар келісімдер бойынша міндеттемелеріне сәйкес келмейді деп есептейді.

Трамп қандай салық салды?

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы Трамптың 200-ге жуық елге баж салығын көтеруінен басталды. 2 сәуірде Қытайдың АҚШ-қа импорттайтын бүкіл тауарына 34% көлемінде қосымша тариф белгіленді. Яғни Қытайдан АҚШ-қа баратын барлық тауарлар кеденнен өткенде 54% (бұрынғы және қазіргі тарифтерді қосқанда) көлемінде баж салығын төлеуі қажет еді.

Бұған жауап ретінде 4 сәуірде Бейжің америкалық тауарларға салынатын салықты 34%-ға көтерді. Әлбетте, бұл Ақ үйге ұнай қойған жоқ. Трамп тез арада тарифтерді төмендетуін қайта талап етті. Егер ҚХР ол шешімінен бас тартпаса, тарифтерді 104%-ға дейін көбейтетінін мәлімдеді.

Бейжің Ақ үймен келісімге келуге асықпады. Тіпті «соңына дейін күресеміз» деген жоспарын айтты. 9 сәуірде Трамптың шешімі күшіне енді. Қытайлық өндірушілер Америкаға тауарын кіргізу үшін 104% салық төлеуі қажет.

«Олар бізбен келісімге отырмайынша, осылай қала береді», – деп мәлімдеді Трамп. АҚШ президентінің айтқандарын NBC News таратты.

Әлемдегі ең ірі екі держава арасындағы сауда соғысы халықаралық нарыққа да соққы болып тиді. Қор нарықтары құлады, ал мұнай бағасы 60 долларға дейін арзандап кетті.

Сондай-ақ оқыңыз