Банктер төлем карталарын шығаруды азайтты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Елдегі төлем карталары азайды / Фото: shutterstock

Бір ай ішінде қазақстандық банктер төлем карталарын шығаруды 3,1%-ға азайтты. Осы жылы ақпанда айналымда 83,6 млн төлем картасы болса, наурызда айналымдағы карталар саны 81 млн-ға дейін қысқарды. Бұл туралы Ұлттық банк жариялаған статистикадан көруге болады.

Айналымдағы карталардың ішінде ең көп таралғаны – дебеттік карталар (81,4%). Кредиттік карталар үлесі – 15,6%, ал кредиттік лимиті бар дебеттік және алдын ала төленген карталар көлемі – 2,9%.

2025 жылы ақпанда қазақстандық эмитенттердің төлем карталары арқылы жүзеге асырылған транзакциялар көлемі 15,4 трлн теңгені құрады, транзакциялар саны – 1,0 млрд. 2024 жылдың ақпанымен салыстырғанда қолма-қол емес төлемдер саны 13,7%-ға өсіп, 1,0 млрд операцияға жетті. Ал көлемі 21,4%-ға артып, 13,4 трлн теңгеге жетті.

Сонымен қатар төлем карталарын ұстаушылар 2,0 трлн теңге сомасына 18,3 млн қолма-қол ақша шешу операцияларын жүргізді. 2024 жылдың ақпанымен салыстырғанда қолма-қол ақша шешу операциялары саны 5,8%-ға азайған, ал операциялар көлемі 7,7%-ға өскен.

Елде банк карталарын шығару қатаңдады

Биылдан бастап елдегі банк картасын шығару, пайдалануды барынша қатаңдатылды. Қаңтар айында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бейрезиденттерге шығарылатын карта мерзімін шектеген. Енді банктер шетелдіктерге бір жылға ғана карта шығарып бере алады. Бұл шектеудің кәсіпкерлер, дипломаттар мен инвесторларға қатысы жоқ.

Қазақстандық азаматтарға қатысты да ережелер өзгерді. Енді 18-21 жас аралығындағы азаматтар төлем картасын онлайн ала алмайтын болды, ол үшін банк бөлімшесіне бару керек. Ал карта шығарылғаннан кейін алғашқы үш айда транзакцияларға қатаң бақылау орнатылады.

Қазір елдегі төлем карталарын эмиссиялауды 17 банк пен «Қазпошта» АҚ жүзеге асырды. Қаржы ұйымдары VISA International, MasterCard Worldwide, UnionPay International, American Express International – және жергілікті Kaspi.kz жүйесінің төлем карталарын шығарады және таратады.

Сондай-ақ оқыңыз