«Ұлттық банк әрекеті заңсыз». Айырбастау пункт иелері жаңа ережеге қарсы

Валюта бағамы туралы ақпарат жарнама емес, ал оған тыйым салуға тырысқан Ұлттық банктің әрекеті заңға қайшы. Бүгін Алматыда Айырбастау пункттері қауымдастығының мүшелері жиналып, арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Олар жаңа ережеге наразылықтарын білдіріп, оның орнына жаңа ұсыныстарын айтты.
«Әлеуметтік маңызы бар ақпарат»
Осы жылы наурызда Ұлттық банк айырбастау пункттеріне бағам жазылған тақтаны көшеге ілуге тыйым салды. Реттеушінің түсіндіруінше, мұндай шешім қабылдауға бірнеше себеп бар. Біріншіден, валюта бағамы көше жарнамасына жатпайды, оны қоғамдық орындарға бейберекет іліп тастау дұрыс емес. Тағы бір себеп – мұндай тақталар жол қозғалысына кедергі келтіреді.
Айырбастау пункт иелері бұл аргументтердің ешқайсысына келіспейді.
«Көшеде ілініп тұрған валюта бағамы туралы ақпарат – әлеуметтік маңызы бар ақпарат. Ол әрдайым қолжетімді әрі барынша ашық болуы керек. «Жарнама туралы» заң валюта бағамдарын айырбастау пункттерінің қасбеттеріне, шатырларына және кіреберістеріне орналастыруға тыйым салмайды», – дейді Айырбастау пункттері қауымдастығының экономикалық сұрақтар бойынша кеңесшісі Рәбиям Серікбаева.
Маманның түсіндіруінше, валюта бағамы жазылған тақта жол қауіпсіздігіне кедергі болады деуге де негіз жоқ. Себебі олар сыртқы жарнама орнату ережелеріне сай ілінеді. Олар жүгіртпе жол емес, жарығы жоқ, түнгі уақытта жұмыс істемейді және басқа да жарнамалық конструкцияларға қарағанда жүргізушінің назарын аудару ықтималдылығы аз.
«Айта кетейін, Ұлттық банк басқа жарнамаға тыйым салып отырған жоқ. Ұлттық банк дәл цифрларды (валюта курсы – ред.) көрсетуге тыйым салып отыр», – дейді Айырбастау пункті қауымдастығының жетекшісі Аршын Ғалымбаев.
Ұлттық банк өз өкілеттігінен асып кетті
Айырбастау пункт иелері Ұлттық банктың мұндай ереже қабылдауының өзі «әділетті емес» деп санайды. Жаңа ереже жобасы «Ақпаратқа қол жеткізу» туралы заңға қайшы келеді. Әрі Ұлттық банктің көше кеңістігін, жол қауіпсіздігін және қалалардың сәулеттік келбетін реттеуге өкілеттігі жоқ деген пікірді айтады.
Ұлттық банк курсты көру үшін онлайн сервистерді пайдалануға кеңес берді, бірақ мамандар ол сайттарға тіркелмеген айырбастау пункттері не істейді деген сұрақ қояды.
«Оның үстіне кейде сайттарда ақпарат дәл сол уақытта өзекті болмайды. Мысалы, хабарлассаң курсты өзгертіп тастадық, қазір басқа курс дейді. Көпшілігі мұндай жағдаймен бетпе-бет келген шығар. «Цифрлы Қазақстан» деген, әрине, жақсы, бірақ визуалды көрнекілік те болу керек. Түсінем, барлығына бұл ұнай қоймайды, бірақ одан ешқайда қаша алмаймыз», – дейді Аршын Ғалымбаев.
Залда отырған журналистер Ғалымбаевқа «сіздіңше, Ұлттық банктің мұндай шешім қабылдауға себеп болатын негізге мәселе қандай» деген сұрақ қойды. Себебі – реттеушінің жол қозғалысы мен жарнамаға қатысты аргументтері көпшілікке тым әлсіз көрінеді. Ғалымбаев бұл сұраққа жауап беруден бас тартты.
«Мен тек қауымдастық басшысы ғана емеспін, ЖШС-ның директорымын. Яғни айырбастау пункттің иесімін. Ұлттық банк айырбастау пункттеріне қадағалау жасайтын бақылаушы орган. Мен өз пікірімді айтуға дайынмын, бірақ оны жасай алмаймын», – дейді ол.
Жаңа ереженің салдары қандай?
Ұлттық банк ұсынған мәліметке сүйенсек, қазір елімізде 565 айырбастау пункті бар. Егер жаңа ереже күшіне енсе, олардың табысына, тұтынушылар санына міндетті түрде әсер етеді.
«Тақтаның болмауына байланысты клиенттер ағыны да азаяды. Тез табыла қоймайтын орындарда орналасқан айырбастау пункттерінің клиенттері жоғалады, олар шығынмен жұмыс істей бастауы мүмкін. Валюта айырбастау бағамы жазылған тақта – клиенттерді әкелетін фишка», – деп түсіндіреді қауымдастық жетекшісі. Бұл клиенттің алдын-ала толық ақпарат алмауына байланысты, көлеңкелі айырбас операцияларының өсуіне алып келуі мүмкін.
Айырбастау пункт иелерінің ұсынысы қандай?
Сала мамандарының сөзінше, сауда орталықтары, әуежайлары, темір жол мен казиноларда орналасқан айырбастау пункттері тақтаны алып тастауға міндетті емес. Қаулыда ондай ереже жоқ. Шектеу тек көше бойындағы айырбастау пункттеріне қатысты. Бұл нарық ойыншыларын алалайды, яғни Кәсіпкерлік Кодексін тікелей бұзу деп саналады. Сондықтан қатысушылар барлығы үшін бірдей шарт болуын сұрайды.
Қажет болған жағдайда табло орналастырудың бірыңғай стандарттарын бекітуге дайын екендерін айтты. Яғни тақтаның өлшемі, жарықтандырылуы, жолдан қашықтығы бойынша ортақ ереже бекітуді ұсынып отыр.
Егер валюта бағамы жазылған табло жол белгісін жауып немесе жүргізушінің көзін шағылыстыратын жағдай болса, оны әкімшілік құқықбұзушылық деп тану керек. Айырбастау пункт иелері ондай жағдайда бүкіл нарықты немесе жеке ойыншыны жазалау қажет деген ойларын ортаға салды.
Валюта курсы жазылған таблоны алып тастау туралы қаулы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Әзірге күшіне енген жоқ, талқылау 14 сәуірге дейін созылады. Егер күшіне енсе, пункт иелері ол тақтаны ғимарат ішіне ғана ілуге міндетті болады.
Айырбастау пункттерінің жұмысына қатысты ереже бұл ғана емес. Қаңтарда Ұлттық банкайырбастау пункттеріндегі шетелдік валюталарды сатып алу және сату бағамдарының арасындағы спредті белгіледі. Енді айырбастау пункттерінде долларды сату мен сатып алу кезіндегі айырмашылық 7 теңгеден аспау керек. Ал еуроны сату мен сатып алу кезіндегі айырмашылық 10 теңгеден аспауы тиіс.