Баталов ҚҚС-ты бірден 16%-ға көтеруге қарсы

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Business News бөлімінің тілшісі
Райымбек Баталов қосылған құн салығын бірден көтеруге қарсы / фото: «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы қосылған құн салығын (ҚҚС) бірден 16% емес, біртіндеп көтеруді қалайды. Райымбек Баталов үкіметтің салық реформасына қатысты пікірін Мәжілістегі талқылаудан кейін журналистерге айтты.

Кәсіпкер билік ұсынып отырған жаңа салық кодексі жобасында шағын және орта кәсіппен шұғылданатындардың дені жеңілдік алғанын «жетістік» деп сипаттады.

«Тағы бір маңызды жетістік – шағын және орта кәсіпте жылдың айналымы 2,4 млрд теңге болатын кәсіпкерлер арнайы салық тәртібімен 4% мөлшер аясында тыныш жұмыс істей алады. Осыған дейін кәсіптің қырық түріне ғана жеңілдік беріледі десе, енді тыйым салынған тізім болады деп жатыр.

Бұл дегеніңіз – шағын және орта кәсіптің 53%, яғни мыңнан аса кәсіп түрімен шұғылданатындар енді жеңілдікпен жұмыс істей береді дегенді білдіреді. Бұл да болса жетістік», – деп түсіндірді кәсіпкерлер палатасының төрағасы.

Құжат жобасын парламентте таныстарған вице-премьер Серік Жұманғариннің айтуынша, бұған үй маңындағы дүкендер, шаштараздар және халықпен жұмыс істейтін кәсіпкерлер жатады.

Алайда Баталов, парламенттегі депутаттардың кейбірі секілді, қосылған құн салығын біртіндеп енгізуді жақтайды.

«ҚҚС мөлшеріне келер болсақ, депутаттар түрлі ұсыныстар айтып жатыр. Оның ішінде біртіндеп көтеру туралы да сөз болды. Әзірге Мәжіліс бірінші оқылымда заң жобасын қабылдады. Бизнес салықтың кез келген түрін көтеруге қарсы. Ал ҚҚС келер болсақ, біз де оның біртіндеп көтерілгенін қалаймыз. Одан бюджетке қандай пайда түсетініне қатысты нақты есеп болса дейміз», – дейді Баталов.

Мәжіліс депутаттары сәрсенбі күні жаңа салық кодексінің жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Жұманғариннің айтуынша, салық реформасы нәтижесінде ел бюджетіне қосымша 4,5 трлн теңге түседі.  128 салық жеңілдігі жойылады.

Сонымен қатар қосылған құн салығы мөлшерлемесі -16 пайыз, ал тіркеу шегі 40 млн теңге болады.

Сондай-ақ оқыңыз