Трамп әрекетінен кейін, мұнай бағасы 61 доллардан арзандап кетті

Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың маусым айына арналған фьючерстері 4%-ға арзандап, 60,34 доллар болды. Бағаға Дональд Трамптың қытай тауарына 104%-дық баж салығын енгізуі әсер етті.
Brent 2021 жылғы наурыздан бері алғаш рет 61 доллардан төмен бағаға саудаланып жатыр.
2 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай тауарларына баж салығын бірден 104%-ға дейін көтеріп жіберген. Вашингтон Бейжіңнің Құрама Штаттармен сауда келісіміне отырғанын қалайды. Алайда Қытай билігі әзірге оған барар емес.
Мұнай бағасының Қазақстанға әсері
Әлемнің екі ірі экономикасы арасындағы сауда соғысы басқа да экономикаларға кері әсер етіп, Азия қаржы биржаларында акциялар қайтадан түсіп жатыр.
Қазақстанның ұлттық валютасы екі күн бұрын мұнай бағасының төмендеуіне байланысты бірден 13 теңгеге арзандаған. Ұлттық банк оны АҚШ-тың салық саясатымен, мұнай бағасымен түсіндірген.
Айта кетерлік тағы бір маңызды жайт, Қазақстан бюджетін қабылдаған уақытта мұнайдың бір баррелі 75 доллар деп есептелген.
Бір күн бұрын Goldman Sachs сарапшылары Brent маркалы мұнай 2026 жылдың аяғында 40 доллар болуы мүмкін екені туралы болжам жасаған.