
Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 9 сәуірде Мәжілістің жалпы отырысында жаңа салық кодексі жобасын таныстырды. Реформаның Қазақстандағы денсаулық сақтау саласына да қатысы бар.
Атап айтқанда, мемлекетке қарасты емханалар, ауруханалар салықтан босатылады, ал жекеменшік медициналық мекемелерге 10% қосылған құн салығы салынады.
«Ақылы медициналық қызметтерге ғана ҚҚС салынады. Себебі біз біраз сын естідік», – деп мәлімдеді вице-премьер.
Бұған қоса әлеуметтік салада, денсаулық сақтау саласында Үкімет салықтан босатылатын дәрі-дәрмектердің әлеуметтік тізімі дайындалатыны мәлім болды.
«Дәрі-дәрмектің 85%-ы шетелден келген. Нақты айта алмаймын, бірақ баға мың пайызға дейін өсті. Бағаны біз ұстай алмаймыз.
Біз депутаттармен, Денсаулық сақтау министрлігімен бірігіп, дәрі-дәрмектердің әлеуметтік тізімін дайындаймыз. Олар салықтан босатылады. Қалғандарына 10 пайызға дейін салық саламыз», – дейді Жұманғарин.
«Қайда барсаң да – Қорқыттың көрі»
Алайда депутаттардың кейбірі енді медициналық қызмет қымбаттай ма деп қауіптенеді. Мәселен, депутат Еділ Жаңбыршин денсаулық сақтау саласына жеңілдік жасау керек деп есептейді.
«Салық кодексінің жобасында қоршаған ортаны ластаушы заттар мен төлемақы ставкалары екі есеге азайтылған. Парадокс. Үкімет экологиялық төлемақыларды екі есеге азайтады, керісінше медицинаға қосымша құн салығын енгізеді. Менің ойымша, медицинаға жеңілдік жасау керек. Егер осы норманы қабылдасақ, қоршаған ортаға теріс әсері артады, азаматтардың денсаулығы нашарлайды. Медицинаға қосымша жүкеме түседі. Оның үстіне, медицина қызметі қымбаттауы мүмкін. Халық үшін «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» болайын деп тұр», – деді Жаңбыршин.
Бұған дейін парламент депутаттары медициналық мекемелерге ҚҚС салынса, елде медициналық қызмет бағасы қымбаттауы мүмкін екенін айтқан. Атап айтқанда, Асхат Аймағамбетов ауыр, созылмалы және өмірге қауіп төндіретін аурулар бойынша дәрі-дәрмек пен емдеуге қазіргі 0% ҚҚС мөлшерлемесін сақтап қалуды ұсынған.
Үкімет жаңа салық кодексінде қосылған құн салығының шегі 15 млн теңге емес, 40 млн теңге көлемінде бекітуді ұсынып отыр.