Үкімет 23 жыл бойы байытқан құрылыс компаниялары бағаны көтеріп жібермей ме

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Үй кезегі
Салық реформасы баспана бағасына қалай әсер етеді / фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Үкімет ұсынған жаңа салық кодексінің жобасында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрғын үйге қатысты жеңілдіктер жойылатыны жазылған. Алайда билік елдегі баспана бағасын бақылай ала ма? Парламенттің сәрсенбідегі отырысында депутаттар осы мәселені көтерді.

Forbes тізіміндегілер баспана бағасын көтеріп жібермей ме?

Мысалы, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек осы сауалды кодекс жобасын таныстырған вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жолдады.

«23 жыл бойы құрылысшыларды қолдап келеміз. Оларға субсидиялар бөлініп, қосылған құн салығынан босатылған. Бірақ баспана бағасы 21%-ға өсті. Қазір Қазақстанда қарапайым азамат баспана сатып алу мүмкіндігінен айрылды. Үкімет 2001 жылдан бері құрылысшылардың мүддесін қорғап келді. Бір ғана 2002 жылы 130 млрд долларға жеңілдік жасалған.

Құрылысшылардың көбі Forbes тізіміне енді, біреулері капиталды шетелге шығарды. Енді біреулері жеңілдікті азсынып, үлескерлерді лақтырып кетті.

Енді 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрғын үй жеңілдіктерін алып тастағалы отырсыздар. Мен де қолдаймын. Ал енді құрылыс компаниялары бағаны көтеріп жібермес үшін үкіметте қандай тетіктер бар?», – деп сұрады Базарбек.

Вице-премьер Серік Жұманғариннің айтуынша, мемлекеттік кіріс комитеттері бірінші кезекте салық төлемеген ірі құрылыс компанияларына ескерту жолдаған. Шенеунік баспана бағасының бірден көтеріліп кетпеуін қадағалайтынын айтты.

«Нарықты басым рөлге ие субъектілер бағаны анықтау заңнамаларына бағынуы тиіс. Сол себепті баға бірден көтеріліп кетпес үшін жеткілікті деңгейде бақылауды қамтамасыз ете аламыз», – деп жауап берді Жұманғарин.

Үкіметтің жаңа ойын тәртібі

Алайда мұндай жауапқа қанағаттанбаған депутат Базарбек 20 жыл бойы жеңілдікті пайдаланып, бірақ баспана бағасын көтерген кәсіпкерлерден ақшаны қайтаруды талап етуді ұсынды.

«Бұлай жасауға болмайды деп есептеймін. Құрылысшылар ҚҚС-дан заңмен босатылған. Ал енді қазір ойын ережесін өзгерту – елдің инвестициялық климатын бұзады. Оның үстіне кәсіпкерлер қауымы оған қатты қарсылық көрсетеді.

Ең дұрысы – әділ ойын тәртібін дайындап, оны 2026 жылғы 1 қаңтардан бастау, жаңа тәртіппен жұмыс істеу», – дейді вице-премьер.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 28 ақпанда премьер-министр Олжас Бектенов салықтан жалтарған ірі компаниялардың толық тізімі барын айтып, BI Group пен BAZIS құрылыс компанияларын атаған.

Қазақстандағы ең ірі құрылыс компанияларының бірі – BI Group-ты кәсіпкер Айдын Рахымбаев басқарады. Қазақстандық Forbes оның байлығын 886 млн доллар деп бағалаған.

«Базис-А» холдингінің негізін қалаушы Александр Белович Қазақстандағы ең танымал бизнесмендер тізіміне кіреді. 2024 жылы кәсіпкердің дәулеті 745 млн доллар деп бағаланған.

Сондай-ақ оқыңыз