Ресейде технология жоқ: татар компаниясы Қазақстанда зауыт салады

Татарстанның Danaflex компаниясы Қазақстанда қаптама шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі – 2,5 млрд рубль.
Danaflex директоры Болат Құрмашовтың РБК агенттігіне хабарлауынша, компания Қазақстан аумағында қаптама шығаратын зауыт салу жөнінде шешім қабылдады. Әзірге зауыт құрылысына 2,5 млрд рубль бөлінеді деп жоспарланған, бірақ жоба құны өзгеруі мүмкін.
Құрмашовтың айтуынша, өндірісті басқа бір елдің аумағында іске қосу технология мен құрал-жабдық алуға мүмкіндік береді. Себебі қалыптасқан геосаяси жағдайға байланысты Ресейде өндіріске қажетті технология тапшы. Сол себепті өнім сапасы төмендеген.
«Мысалы, 20 жыл бұрын неміс құрал-жабдықтарын ғана сатып алатынбыз. Екі жыл бұрын алғаш рет түрік өнімін алдық, енді Үндістанға тапсырыс бердік. Сапасы төмен екенін түсінеміз, ал біз сапаның нашарлағанын қаламаймыз. Біздің Қазақстандағы зауыт технологияға жету үшін де керек», – дейді Danaflex директоры.
Оның айтуынша, татар кәсіпкерлер Ресей нарығына қызмет көрсету үшін де шетелден өндіріс ашуға мәжбүр.
2022 жылғы ақпанда Ресей армиясы Украина аумағына басып кірген соң Батыс елдері Кремльге санкция жариялап, технологиясы мен басқа да өнімдерін сатпай қойған.
Danaflex компаниясы 2001 жылы Қазан қаласында құрылған. Ол қаптама және басқа да жұқа материалдар шығарумен айналысады.