АҚШ қытай тауарына баж салығын 104%-ға дейін көтерді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы шиеленісіп кетті / фото: REUTERS/Tingshu Wang

Құрама Штаттар президенті Дональд Трамп Қытай импорты тарифтерін 34-тен 84% дейін көтеріп жіберді. Осылайша АҚШ-тың қытай тауарына баж салығы 104% болды.

Трамптың мәлімдеуінше, Бейжің Вашингтонмен сауда келісіміне отырмайынша, қытай тауарына 104%-дың баж салығы өзгермейді.

«Олар бізбен келісімге отырмайынша, осылай қала береді», – деп мәлімдеді Трамп. АҚШ президентінің айтқандарын NBC News таратты.

Трамп Қытайға қосымша 50% баж салығын енгізуі мүмкін екенін бір күн бұрын ескерткен.

Ақ үй басшысы қытайлар күндердің күнінде келісімге келуге мәжбүр болады деп есептейді.

«Біз олардың телефон шалғанын күтеміз. Бейжің соған дайын болса, президенттің жомарттығында шек болмайды», – дейді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт.

Мәліметтерге қарағанда, әлемнің 70-ке жуық мемлекеті тариф мәселесімен Ақ үйге шыққан. Алайда Қытай басқа жол таңдап, АҚШ-тың өзіне қарсы тариф енгізіп жіберген. Әлемнің екі ірі экономикасы арасындағы сауда соғысы осылайша шиеленісе түскен.

Сондай-ақ оқыңыз