Минимализм: үйдегі артық заттардан қалай арылған дұрыс және оның қандай пайдасы бар?

Жарияланды 9 Сәуір 2025 08:18

Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Минимализм: үйдегі артық заттардан қалай арылған дұрыс және оның қандай пайдасы бар?
Минимализм: үйдегі артық заттардан қалай арылған дұрыс? / Фото: shutterstock

Үйде зат көп болған сайын тез шашылады. Ал шашылған үйді «жинау керек» деген ойдың өзі адамды шаршатуы мүмкін. Әсіресе, жұмыстан онсыз да күш-қуатыңыз таусылып келгенде үйде де жұмыс күтіп тұрса көңіліңіз түсіп қалады. Мұны реттеудің бір жолы — минимализм ұстану. Бірақ минимализмді қаңыраған үй деп түсініп жүрсеңіз, қателесесіз. Оны қалай ұйымдастыру керек, ескеретін қандай тұстары бар — ол туралы осы материалымызда айтамыз.

Минимализм деген не?

Минимализм — тренд һәм сән емес. Оны интерьердің бір бөлшегі деп қарастырған да қате болады. Минимализмді пәлсапа деген дұрыс. Яғни маңызды әрі негізгі дүниелерге ден қойып, басы артық заттың бәрінен арылуға бағытталады. Керек емес болса, оны алып тастаған дұрыс дегенге саяды. Бұл жерде әңгіме заттарда ғана емес. Артық дүниелерден арылған адамда еркіндік көбірек бола түседі. Әйтсе де, бұған дейін айтқанымыздай, минимализм десе бірден көз алдыңызға қаңырап тұрған қабырға, ақ-қара түс келмеуі керек. Бұл өмір салты одан да тереңірек. Неге екенін талдайық. 

Артық заттардан неге арылу керек?

1. Зат аз болса — күйзеліс те аз.
Осы бағытта жасалған зерттеулерге қарасақ, үй шашылып жатқан кезде адамда стресс гормоны — кортизол мөлшері көтеріледі екен. Сәйкесінше, үй жинақты, шашылмай, тап-таза болып тұрса бойыңыздағы мазасыздық жоғалады. Көңіл-күйіңіз де жақсара түседі.

2. Уақыт пен ақшаға үнем болады
Расында, неғұрлым үйде зат аз болса, керек нәрсе тезірек табылады. Әйтпесе, қопырап жатқан жерден түйе де табылмайды. Жүйе болмаған соң, кейде бір алған затты қайталап алып қоюыңыз мүмкін. Кейін заттарыңызды жинастырып жатқан кезде барып, «үйде де бар екен ғой» дейсіз. Сол себепті минимализмді ұстанатын адамдардың импульспен зат сатып алатын кезі сирек.

3. Саналы өмір сүреді
Түптеп қарасақ, әр заттың физикалық емес салмағы болады. Ол бөлмені ауырлатып тұрады. Сондықтан артық заттан арылған кезде өзіңізге маңызды деп санайтын қарым-қатынас, хобби, дамуға көбірек ден қоясыз.

4. Үй жинау жеңілдейді
Минималистик үйді жинаған оңайырақ. Бұрынғыдай жексенбі күні таңнан кешке дейін жинап жүрмейсіз. Санаулы минутта үйді ретке келтіріп аласыз.

Гайд: Қай затты лақтырамыз, қайсысын алып қаламыз?

1. Кішкентай нәрселерден бастаңыз
Заттарды санатқа бөліп қарастырған дұрыс. Мысалы киім, кітап, ыдыс-аяқ, косметика дегендей. Оның бәрін бір отырғанда реттеп тастауға тырыспаңыз, шаршап қаласыз. 

2. Үш қорап тәсілін пайдаланып көріңіз
Ол үшін қораптар дайындап қойыңыз:

  • Алып қалатын заттар
  • Беріп тастайтын/сатып жіберетін заттар
  • Лақтыратын заттар

3. Әр затқа қатысты мына сауалдарға жауап беріңіз

  • Мен мұны қолданып жүрмін бе?
  • Бұл маған жақсы әсер сыйлай ма?
  • Мына затты тағы да алар ма едім?

Егер барлық сұраққа «жоқ» деп жауап берсеңіз, онда ойланбастан лақтыра беріңіз.

4. Шаруаларды күндерге бөліп тастаңыз
Мысалы дүйсенбіде шкафты жинаймын, сәрсенбіде кітаптарды реттестіремін, жұмада сырт киімдерге уақыт арнаймын дегендей.

Лақтыруға қимайтын заттарды қайтеміз?

Әр адамның лақтырайын десе қолы бармайтын заттары болады. Сентиментал заттарды былай істеңіз:

  • Суретке түсіріп алыңыз. Физикалық тұрғыда үйде тұрмаса да, естелік ретінде дижитал форматын жасап аласыз.
  • Заттарды топқа бөлген соң, әр топтан 1-2 естелік қана қалдырыңыз. Айталық, мектеп кезінен қалған ашықхаттың бәрін сақтамай, ішінен ең қымбат деген бірнешеуін қалдырыңыз. Сол сияқты бала күнгі ойыншықтарды қораптап сақтамай, 1-2 данасын қалдырсаңыз жетіп жатыр.
  • Капсула жасап қойыңыз. Шынында қымбат заттар қалған соң, соларды сақтауға қорап арнап қойыңыз.

Кейін бармақ тістеп қалмас үшін не істеу керек?

1. Минимализм — марафон емес. 
Нәтижесін көрсем деп алып-ұшпаңыз. Біртіндеп, үздіксіз реттестіріп тұрсаңыз болды. Күніне әрі кетсе 15-20 минут уақытыңызды ғана бөліңіз.

2. Көңілде күмән болса, лақтырмай тоқтай тұрыңыз
«Керек боп қалса ше» деп күмәндансаңыз, онда ол затты алып қоя тұрыңыз. Бір қорапқа салыңыз да, бір айдай алып қойыңыз. Сол уақыт ішінде керек бола қалса — лақтырып тастамағаныңызға қуанасыз. Ал керек болмаса, демек лақтыра беруге болады деп нық шешім қабылдайсыз.

3. Біреудің стилін көшіруге тырыспаңыз
Минимализмнің бәріне бірдей үйлесетін шаблоны болмайды. Оны әркім өз қолайына қарай жасайды. Біреуге 3 шыныаяқ керек, біреуге 1 саптыаяқ та жетеді. Бастысы олар бос тұрмай, қолданылуы керек. 

Балалы үйде минимализм ұстануға бола ма?

Иә, балалы үйде де минимализм ережелерін енгізуге болады. Мына кеңестерді ұсынамыз:

1. Балаларды да ортақ іске кірістіріңіз
Қай ойыншықты басқа біреуге беруге не лақтыруға болады, қайсысы қымбат — өздері шешсін.

2. Ротация жасаңыз
Ойыншық көп болса, оларды бөліп тастаңыз. Сөйтіп бір бөлігін беріп, қалғанын алып қойыңыз. Сөйтіп апта сайын ауыстырып отырсаңыз, құдды жаңа ойыншық көргендей қуанып, қызығып ойнайды.

3. Минимализм мүлдем жаңа зат алмауды білдірмейді
Бұл жерде саналы әрекет ету туралы айтып отырмыз. Әрине, балаға жаңа бұйым алынбай тұрмайды. Бастысы, өзіңізді кінәлі сезінгеннен, өзіңізді ұстай алмағаннан не болмаса жаман үйренгеннен алып тастамасаңыз болғаны.

Керек емес заттарды қайда жібереміз?

1. Біреуге беріңіз

  • Қалаңыздағы қайырымдылық қорларына хабарласыңыз. Керек емес заттарды қабылдайтын жер табылады.
  • Кризис орталықтар, балалар үйі, әлеуметтік бөлімшелер, мешіттер де алып қалуы мүмкін.

2. Сатып жіберіңіз не ауыстырып алыңыз

  • OLX сынды сервистер бар
  • Мессенжерлерде чаттар, парақшалар болады

3. Өңдеуге жіберіңіз

  • Қазір көп қалада қайта өңдейтін заттар салатын жәшіктер бар. 
  • Сауда орталықтарындағы кей дүкендер де қабылдайды

Қоқысқа тастай салмай, өңдеуге өткізген әлдеқайда дұрыс әрі саналы шешім болады.

Минимализм — еркіндік

«Алмау керек» деген ұстанымнан гөрі «алудың қажеті жоқ» деген жақсырақ. Өйткені алғашқысы тыйым сияқты естілгендіктен, ұстану қиын. Ал енді алудың керегі жоқ десеңіз, еркіндіктің желі еседі. Ауасы таза әрі кең үйде тұрған жақсы емес пе? Жайлы үйде кімнің тұрғысы келмейді? Дүние жинай бергеннің орнына одан да маңыздырақ нәрсемен айналысуды үйренесіз. Осы тұрғыдан алғанда минимализм — құрал. Кеңістікті тазартып қана қоймай, ішкі жай-күйіңізді де реттеуге көмектеседі. Бастысы, бәрін мінсіз қыламын деп тыраштанбаңыз. Бүгін бір жәшікті реттейсіз, ертең тағы бір сөрені жинастырасыз. Бастысы, шаршамайсыз. Әр қадам сайын жеңілдей түсесіз. 

Еске сала кетсек, бұған дейін «шопоголизм» дерті қандай болатынын және одан арылудың қандай жолдары барын жазған едік. 

Сондай-ақ оқыңыз