Әрекеті салдарынан бір адам қайтыс болған жасөспірім қамаудан босатылды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Жоғарғы сот
Жоғарғы сот жасөспірімге қатысты істі қарады/фото: shutterstock

Жоғарғы сот әрекеті салдарынан бір адам қайтыс болған жасөспірімге қатысты шыққан сот үкімін өзгертті деп хабарлайды KursivMedia.

Бірінші инстанциядағы сот оны 2 жылға бас бостандығынан айырған. Ал іс апелляциалық тәртіпте қаралған соң, бас бостандығынан айыру жазасы 1 жылға төмендетілген.

Қылмыстық істің материалдарына қарағанда, кәмелетке толмаған А. көлікті басқарып, жол қозғалысы ережесін бұзып, «Nissan Prairie» автокөлігімен соқтығысқан. Оның осы әрекетінің салдарынан «Nissan Prairie» автокөлігінің жолаушылары түрлі дене жарақатын алған. Жолаушы С. ауруханада қайтыс болған.

Сотталғанның әрекеті сот отырысында жан-жақты, толық, объективті бағаланып, зерттелген. Ешбір күмән келтірмейтін дәлелдемелермен толық бекітілген. Оның қылмыстық әрекеті Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі (көлiкті пайдалану қағидаларын бұзу абайсызда адам өліміне әкеп соққан жағдай) бойынша дұрыс сараланған.

«Алайда төменгі сатыдағы соттар кәмелетке толмағанға жаза тағайындағанда қылмыстық заңды дұрыс қолданбаған. Заңға сəйкес, онша ауыр емес қылмыс жасаған кəмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру тағайындалмайды», – делінген ресми ақпаратта.

Ал кәмелетке толмаған А.-ның жасаған әрекеті абайсызда жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтарға және онша ауыр емес қылмыстарға жатады.

Осыған байланысты сот алқасымен сот актілері өзгертіліп, А-ға ҚК-нің 345 бабы 3-бөлігі бойынша 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Ол осы уақытта пробациялық бақылауда болады.

Сотталған дереу қамаудан босатылды.

Сондай-ақ оқыңыз