
Нидерландыда лалагүл (лилия) өсірумен айналысатын Bredefleur (Бредефлер) компаниясының иелерінің бірі Леви Эверс Қазақстанға келді. Кәсіпкер Астанадағы Grow Expo & Flora Expo халықаралық көрмесіне қатысып жатыр. KursivMedia тілшісі лалагүл түрлері, оның Қазақстанда қаншалықты сұранысқа ие екеніне қатысты кәсіпкердің пікірін білді.
Айтуынша, Эверс отбасының Нидерландыда 150 мың шаршы метр аумақта гүл егетін жылыжайы бар. Ол жерде жылына 23 млн лалагүл өсіріледі.
«Лалагүл өсіру – біздің отбасылық кәсібіміз. Қазақстанда өтіп жатқан гүлдер көрмесіне өзімізде бар өнімді көрсету, таныстыру үшін келдік. Көрмеге келген қазақстандық кәсіпкерлер, флористер біздің лалагүлімізді көріп, келешекте жұмыс барысында оны жиі қолданады деп сенеміз. Ал өз кәсібімізге келсек, Нидерландыдағы жылыжайда қазір лалагүлдің 30-дан астам түрі өсіріледі. Бұл кәсіпті менің әкем, атам шамамен 45 жыл бұрын бастаған. Яғни бұл салада тәжірибеміз жеткілікті. Қазір өзімнен үлкен екі бауырыммен бірге осы салада жұмыс істейміз», – дейді Леви.
Сөзінше, Нидерландыда лалагүл өсіру бойынша бәсекелестік бар. аалйда салыстырмалы түрде гүлдің дәл осы түрін өсіретін кәсіпкер көп емес.
«Әрқайсысы өзі жеткізетін нарыққа ден қойған. Жалпы бірнеше ірі кәсіпкер ғана бар. Қазақстанда лалагүл сату бойынша бәсеке жоқ екенін көріп отырмын, яғни келешекте осы нарықта жұмыс істеуге болады», – дейді ол.

Компания лалагүлді негізінен Еуропа елдеріне, Нидерландыдан 3 мың шақырымдағы аумаққа экспорттайды. Сондай-ақ Қазақстанмен қатар, АҚШ, Сингапурға да жеткізеді.
«Біз гүлді тікелей экспорттамаймыз, оны өсіреміз. Әрі қарай басқа елдерге жеткізумен арнайы компанияларға береміз. Нарықта олардың бұл жұмысына бәсекелес болғымыз келмейді. Біздің мақсатымыз – гүлдің жаңа түрін шығарып, барынша көбірек елге жеткізе алатын өнім алу. Ал Қазақстанға келсек, бұл ел біздің өнімді сатып алатын елдердің ішінде көш бастап тұрған жоқ. Яғни, жалпы өнімнің 50 пайызы бұл елге жеткізілмейді. Сол себепті бұл елде компания өкілдігін ашу жоспарымызда жоқ», – дейді Леви Эверс.
Әңгіме барысында лалагүлдің ерекше сұрпы туралы да сұрадық. Леви көрмеде ұсынылған Apricot Fudge сұрпы туралы айтып берді.

Оның сөзінше, гүлдің бұл түрін бастапқыда сыртқы келбеті әдеттегі лилияға ұқсамағандықтан жарамсыз деп тастап отырған. Кейіннен ерекше түрі деп танып, ерекше көңіл бөле бастаған. Қазір сатып алушылардың арасында сұранысқа ие болып жатыр.
«Лалагүлдің жаңа түрін, жаңа сортын шығаруға шамамен 7 жыл уақыт кетеді», – дейді ол.
Айта кетейік, Нидерланд Корольдігінің ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі және табиғатты пайдалану министрлігінің бас хатшысы (вице-министрі) Ян-Кейс Худ Қазақстанға жұмыс сапарымен келді.
«Нидерланды мен Қазақстан тұрақты, инновациялық және тиімді азық-түлік жүйелеріне баса назар аудара отырып, ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді. Қазақстанмен серіктестікте біз суды тұтынуды азайтатын және топырақтың сарқылуын болдырмайтын технологияларды енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ роботтандырылған егіншілік пен ауыл шаруашылығы дақылдарының тұрақты сорттарын ұсынамыз. Осы саладағы мамандардың жаңа буынын дайындау үшін аграрлық білімге ерекше назар аударылады», – деді Ян-Кейс Худ.