Алматы полициясы жолда бала өлімі жиілегеніне байланысты ата-аналарға үндеу жасады

Алматы қалалық полициясы балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының көбейгенін айтып дабыл қағуда. Соған байланысты арнайы мәлімдеме жарияланды.
Мәлімдемеде кей жағдайлар кәмелетке толмағандардың өлімімен аяқталып жатқанына назар аударылған.
– Бізді балалардың жол бойында ересектердің қарауынсыз қалып қоятыны және жол қауіпсіздігінің қарапайым дағдыларын білмейтіндігі алаңдатады. Бұл – ата-аналар мен заңды өкілдерінің немқұрайлылығы мен салғырттығының салдары. Балаларды қараусыз қалдырмауға шақырамыз! Есіңізде болсын, бір сәт – орны толмас нәрсе болуы мүмкін. Баланың қауіпсіздігі – сіздің тікелей жауапкершілігіңіз! – деді Алматы қалалық ПД анықтау басқармасының бастығы Ержан Шайхиев.
Сондай-ақ полиция, ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабына енгізілген өзгертулерге сәйкес, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жауапкершілік енді ата-аналар мен заңды өкілдерге жүктелетінін еске салды.
– Әрбір ата-ана ойлансын: мен баламның аман, дені сау болуы үшін бәрін жасадым ба? Қамқорлығымызды ертеңге қалдырмай, бүгіннен бастап балаларымызды аялайық, – деді Алматы қалалық ПД анықтау басқармасының бастығы Ержан Шайхиев.
Алматыда соңғы айда ғана 7 жастағы екі бала көлік астына түсіп мерт болған.