Димаш Алматыда жанкүйерлерімен кездеседі

Әлемге әйгілі ел мақтанышы, әртіс Димаш Құдайберген Алматыда фан кездесу өткізеді. Бұл туралы әртіс желідегі парақшасында жазды.
Фан кездесу әртістің туған күніне орай, 26 мамырда Almaty Arena стадионында «Stranger» концертінің кинотеатрларға шығуына орай ұйымдастырылады.
«Менің шығармашылығыма арналған шоуды, қазақстандық әртістердің қатысуымен, әртүрлі сұрақтарға жауаптарыңызды алып, жаңа әндердің премьералары мен бейнебаяндарын да қатар тамашалай аласыздар. Ал 27 мамырдан бастап Астанада өткен «Stranger» шоуы 5.1 көлемді дыбыспен және қатысу эффектісімен үлкен экрандарда елімізде алғаш рет кинотеатрларда көрсетіледі», – делінген әртіс жазбасында.
Димаш жанкүйерлерімен кездесуге асық екенін білдіріп, бәрін жақсы көретінін жеткізген.
Бұған дейін Димаш Құдайберген күзде еуропаның бірнеше қаласында жеке кешін өткізетінін жазғанбыз.