Журналист Лұқпан Ахмедияров не үшін ұсталғаны белгілі болды

Бүгін полиция ұстап алып кеткен журналист Лұқпан Ахмедияров жалған ақпарат тарату фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істе қорғану құқығы бар куәгер ретінде танылған. Бұл туралы Кursiv.Media Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полиция департаментінің мәліметінше, Орал қаласы тұрғынының арызы негізінде қылмыстық кодекстің 274-бабы (көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша тергеу басталған.
Сол тергеу әрекеттерінің аясында журналист Ахмедияров полицияға жеткізілген.
Бұған дейін Кursiv.Media Ахмедияровты Астанада полиция ұстағанын хабарлаған. Кейін оның әріптесі Рауль Упоров Ахмедияровтың қорғану құқығы бар куәгер ретінде танылғанын мәлімдеді. Ахмедияровтың өзі мұны Facebook желісіндегі соңғы жазбаларымен байланыстырады.
Қорғану құқығы бар куәгер мен жай куәгердің айырмашылығы неде?
Жай куәгер — қылмысқа күдікті емес адам, оған адвокат қарастырылмайды. Ал қорғану құқығы бар куәгер — ресми түрде күдікті деп танылмағанымен, полиция оның қылмысқа қатысы болуы мүмкін деп есептейтін адам.
Мұндай куәгер адвокат сұрата алады әрі жауап беруден бас тартуға құқылы. Тәжірибеде мұндай куәгерден жауап алу күдіктіден жауап алуға ұқсап кетуі мүмкін.