Украинада тұтқынға түскен қазақтардың жағдайы не болады

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Ресей жағында Украинаға қарсы соғысып, тұтқынға түскен Қазақстан азаматтарының жағдайына байланысты пікір білдірді.
Жуырда желіде тұтқынға түске үш этникалық қазақтың видеосы шыққан. Олардың екеуі Қазақтан азаматы болса, біреуі Ресей азаматы.
Ғалымжан Қойгелдиев бұл видеоны көргенін, жағдайдан хабардан екенін жеткізді.
«Олар қазір Украинада. Мәселе толығымен зерттеледі. Видеодағы мағлұматына қарағанда, олар ол жаққа соғысқа қатысу үшін барғаны анық. Бізде 170 (Жалдамалылық), 172-бап (Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу) бар, олардың істері сол баптардың төңірегінде қаралатын болады» – деді ол сенат кулуарында
Бас прокурордың орынбасары ол азаматтарды елге қайтару бойынша Украинамен келіссөз басталмағанын айтты.
Журналистер Ғалымжан Қойгелдиевтен «Қазақстан азаматтары қалайша мұндайға тап болып жүр, оларды арбауға қалайша жол берілді, құқық қорғау органдары неліктен мұны байқамай қалды» деп сұрады.
Қойгелдиев бұл азаматтар ол жаққа өз еркімен кеткенін, мұндай әрекеттерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын айтып жатыр еді, журналистер оның сөзін бөліп «сіз жазалау туралы айтып тұрсыз, біз атқарылған жұмыс, алдын алу туралы сұрап тұрмыз» деп сұрақты нақтылады.
Қойгелдиев құзырлы органдар өз өкілеті шеңберінде белгілі бір жұмысты атқарып отырғанын айтып, аталған деректердің мән-жайын анықтап алғаннан кейін, толығырақ жауап беруге мүмкіндік беруді.
Бұған дейін ІІМ қазақстандықтарға үндеу жасап, сыртқы елдердегі әскери қақтығыс, соғысқа қатысу әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескерткен.