«Қазақстанның Даму Банкі» кейбір компанияларға арзан несие беріп келген

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
ҚДБ арзан несие берген қандай компаниялар / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов,

«Қазақстанның Даму Банкі» (ҚДБ) кейбір компанияларға бекітілген мөлшерлемеден де арзан несие беріп келген. Мұны арнайы тексеру жүргізген Жоғары аудиторлық палата анықтаған.

Палатаның хабарламасына сәйкес, банк кейбір қарыз алушыларына несиені белгіленген шекті мөлшерлемеден төмен пайызбен берген. Енді палата ұсынған ұсыныстарға сәйкес, ҚДБ барлық қарыз алушы компания үшін жылдық 7% мөлшеріндегі бірыңғай, тұрақты сыйақы мөлшерлемесін бекітпек.

Сонымен қатар аудиторлық палата бюджеттен несие шарттарын қайта қарауды ұсынды. Себебі бұл мөлшерлемелер шамамен 73 есе айырмашылық байқатқан. Банк бюджет қаражатын 0,15% мөлшерлемемен тартып, кейін оны 9–11% мөлшерінде қарызға берген.

«Бұл банктің артық қаржылай пайда алуы және мемлекет үшін кірістің жеткіліксіздігіне әкелді. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата бюджеттік кредиттеу шарттары бойынша пайыздық мөлшерлемелерді қайта қарауды ұсынды», – делінген хабарламада.

Жоғары аудиторлық палата 2024 жылдан бері бірқатар квазимемлекеттік компанияларға аудит жүргізуді бастады. Сол кезде аудиторлық палата ҚДБ 25,9 млрд теңгені тиімсіз жоспарлап, 15,8 млн теңгенің пайдасын «жіберіп алғанын» хабарлады

«Қазақстан Даму Банкінің» жалғыз акционері – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі». Қаржы құрылымының мақсаты – елдің шикізаттық емес секторын қаржыландыру, экономиканың тұрақты дамуына қолдау көрсету.

Сондай-ақ оқыңыз