2026 жылы Қазақстан экономикасының өсімі баяулайды – сарапшылар болжамы

Азия даму банкі (АДБ) Қазақстан экономикасының 2025 жылға арналған өсім болжамын 5,1%-дан 4,9%-ға дейін төмендетті. Ал 2026 жылы өсім 4,1%-ға дейін баяулайды деп күтілуде. Бұл – Орталық Азия елдері ішіндегі ең төмен көрсеткіштердің бірі.
Банктің бағалауынша, 2025 жылы мұнай өндірісінің артуы экономиканы қолдайды. Алайда оның әсері уақытша болады. 2026 жылы салықтың өсуі мен мемлекеттік шығыстардың азаюы экономикалық белсенділікті тежемек.
Мұнай өндірісі артқанымен, ұзаққа бармайды
2025 жылы тау-кен өнеркәсібіндегі өсім 7,2%-ды құрайды деп болжанып отыр. Оған негізінен Теңіз кен орнындағы Келешек кеңейту жобасының іске қосылуы ықпал етеді. Алайда 2026 жылы бұл саладағы өсім 4,3%-ға дейін баяулайды. Өңдеу өнеркәсібінде 2025 жылы 4,5%, ал 2026 жылы 4,8% өсім күтіледі.
Құрылыс, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларында өсім баяуламақ. Ауыл шаруашылығы 2025 жылы – 3,8%, ал 2026 жылы 3,4%-ға өседі. Қызмет көрсету саласында бағаның күрт көтерілуі сұранысты азайтып, өсімді 4,4% (2025) және 4,3% (2026) деңгейінде ұстап тұрады.
Инфляция төмендегенімен, мақсатты меже алыс
АДБ болжамынша, 2025 жылы инфляция 8,2%-ды, ал 2026 жылы 6,5%-ды құрайды. Бұл – Ұлттық банктің 5%-дық мақсатынан жоғары көрсеткіш.
Коммуналдық тарифтердің өсуі мен жанармай бағасын реттеудің тоқтауы инфляцияны арттыруы мүмкін. Атап айтқанда, қызмет көрсету саласына қатысты инфляция 2025 жылы 12%-ға дейін өсіп, 2026 жылы 7,4%-ға дейін төмендейді деген болжам бар.
Мемлекеттік қаржыда тәртіп күшейеді
Үкімет 2025 жылы салықты, әсіресе қосылған құн салығын көтеріп, арнайы жеңілдіктерді азайту арқылы бюджетке түсетін қаржыны көбейтуге ниетті. Бұл шаралар нәтижесінде бюджет тапшылығы 2025 жылы 2,8%-дан 2026 жылы 1,7%-ға дейін азаяды. Ұлттық қордан алынатын трансферттер де азаяды: 2025 жылы ЖІӨ-нің 3,4%-ынан 2026 жылы 2,2%-ға дейін қысқарады.
АДБ сарапшылары Қазақстанның мемлекеттік қаржысын тиімді басқаруды және Ұлттық қорға тәуелділікті азайтуды ұсынады. Сонымен қатар геосаяси тәуекелдер мен мұнай экспорты маршруттарының бұзылу қаупі де негізгі қауіп ретінде аталады.