
Автосақтандыру рәсімдеудің ең тиімді жолы қандай? Kursiv.Media тілшісі міндетті сақтандыру мен КАСКО-ны салыстырып, ақша үнемдеудің жолдарын анықтап, сенімді сақтандыру компаниясын таңдаудағы лайфхактарымен бөлісті.
Қазақстандағы автосақтандыру түрлері
Қазақстанда автокөлікті сақтандырудың екі негізгі түрі бар: міндетті – КҚИ АҚЖ МС және ерікті – КАСКО. Бұл екеуінің мақсаты мен бағасы әртүрлі, сондықтан қайсысын таңдайтыныңызды түсіну маңызды.
КҚИ АҚЖ МС — міндетті сақтандыру. Егер жол апатына себепкер болсаңыз, аталған сақтандыру басқа адамға келген шығынды өтейді. Атап айтқанда, көлігін жөндеу, медициналық көмек немесе заңды шығындар. Бұл сақтандырудың бағасы мемлекет тарапынан реттеледі және көбінесе жүргізушінің тәжірибесіне, көлік түріне, тіркелген аймағына байланысты есептеледі.
КАСКО — көлігіңізді өзіңіз үшін ерікті сақтандыру. Бұл полис көлігіңізге келетін зиянды, ұрлықты, табиғи апаттарды және басқа да қауіптер салдарынан келген шығынды өтейді. Бұл сақтандырудың құны айтарлықтай жоғары және жеке факторларға байланысты анықталады. Оның ішінде көліктің нарықтағы бағасы, жүргізушінің тәжірибесі, көліктің сақталу жағдайы және т.б. бар.
Полис құнын төмендетудің жолдары
Автосақтандыру қатысты ақша үнемдеу — бұл қауіпсіздіктен бас тарту емес. Керісінше, полистің қалай есептелетінін және сақтандыру компанияларының ерекшеліктерін түсіне отырып, сенімді әрі тиімді шешім қабылдауға болады. КҚИ АҚЖ МС мен КАСКО-ға артық төлемеудің бірнеше жолын қарастырайық.
Біріншісі – онлайн сақтандыру. Оның басты артықшылығы сол бағасының арзандығы. Полисті сақтандыру компаниясының ресми сайтынан немесе мобильді қосымшасынан рәсімдеу — ең тиімді әдістердің бірі. Көптеген компаниялар онлайн сатып алу кезінде жеңілдіктер ұсынады, ал делдалдар болмағандықтан — қосымша комиссия төлемейсіз.
Екінші – компанияларды салыстыру. Әр сақтандыру компаниясы полистің бағасы мен шарттарын түрлі етіп ұсынады. Сол себепті ұсыныстарды міндетті түрде салыстыру қажет. Қазіргі таңда онлайн калькуляторлар арқылы өз мәліметтеріңізді енгізіп, бірнеше компанияның ұсынысын бірден көруге болады. Бұл уақыт үнемдеп қана қоймай, қолжетімді сақтандыру шартын таңдауға көмектеседі.
Үшінші – жолда мұқият болу. Мұның өз үлкен артықшылық. Сақтандыру компаниялары жүргізушінің тәжірибесіне және апатсыз жүрген жылдарына үлкен мән береді. Жол-көлік оқиғаларына сирек түсетін жүргізушілерге қосымша жеңілдіктер ұсынылады. Бұл сақтандыру тарихыңызда апаттар болмаса, полиске төлем аз болатынын білдіреді.
Төртінші – франшизасы бар КАСКО арзан болады. КАСКО-ның бағасына әсер ететін фактордың бірі — франшиза. Бұл — сақтандыру жағдайында өзіңіз төлейтін алғашқы сома. Франшиза неғұрлым жоғары болса, полистің бағасы соғұрлым төмен. Егер жолда сақ жүрсеңіз және сирек сақтандыру жағдайына тап болсаңыз — бұл ақша үнемдеуге мүмкіндік береді.
Бесінші – артық опциялардан бас тарту. КАСКО полисі әртүрлі тәуекелдерді қамтуы мүмкін. Алайда барлық қауіп-қатер сізге қатысты болмауы мүмкін. Мысалы, көлігіңіз тұрақта емес, паркингте тұрса — бұршақтан сақтандыру рәсімдеу қажет емес. Артық опциялардан бас тарту арқылы қажеттісін ғана қамтып, сақтандыруды арзандатуға болады.
Автосақтандыру бағасы қалай есептеледі?
Міндеттінің бағасы негізгі тариф пен түзету коэффициенттері арқылы есептеледі. Жүргізушінің жасы, тәжірибесі, көліктің тіркелген аймағы, апат тарихы — бәрі есепке алынады.
Мысал: 30 жастағы, 6 жылдық тәжірибесі бар, Алматыда тіркелген, 2018 жылғы Toyota Corolla иесі үшін міндетті сақтандыру құны шамамен 11 000 – 14 000 теңге аралығында болуы мүмкін.
КАСКО — күрделірек есептеледі. Бағаға келесі факторлар әсер етеді:
- Көліктің нарықтағы құны
- Құрастырылған жылы
- Қауіпсіздік жүйелері (дабыл, GPS, гараж)
- Қамтылатын тәуекелдер саны
- Жүргізушінің тәжірибесі
- Франшизаның болуы
- Аймақтық тарифтер
- Бұрынғы сақтандыру жағдайлары
Орта есеппен, КАСКО полисі орта санаттағы көлікке жылына 150 000 – 400 000 теңге шамасында белгіленуі мүмкін. Қымбат көліктерге бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары.
Онлайн полис рәсімдеу бойынша нұсқаулық
Бүгінгі күні автосақтандыруды онлайн рәсімдеу — оңай әрі тиімді.
Оны қалай рәсімдейміз? Нұсқаулық:
- Сақтандыру компаниясының сайтына немесе агрегаторға кіріңіз
- Міндетті немесе ерікті сақтандыру түрін таңдаңыз
- Жеке және көлік мәліметтерін енгізіңіз
- Есептелген сомамен танысып, ең тиімдісін таңдаңыз
- Құжаттардың скан нұсқасын жүктеңіз (техникалықпаспорт, жеке куәлік, жүргізуші куәлігі)
- Онлайн төлем жасаңыз
- Полис электронды поштаңызға немесе қосымшаңызға келеді
Оның тіркелген-тіркелмегенін polis.kz сайтына кіріп, полистің нөмірін енгізіп, тексеруге болады.
Автосақтандырудың жасырын тұстары
Полисті таңдау кезінде тек бағаға қарап шешім қабылдауға болмайды. Арзан сақтандыру әрдайым жақсы бола бермейді. Мәселен:
- Қамтылатын тәуекелдердің нақты тізімін қараңыз;
- Франшиза шартын мұқият оқыңыз: сіз төлеуге тиіс сома тым қомақты болуы мүмкін;
- Техникалық көмек, эвакуатор, жөндеу жұмыстары қамтылған ба — соны арықтап, біліп алған артық болмас;
- Шағымдану және өтемақы рәсімдеу мерзімдерін тексеріңіз;
- Компанияның лицензиясы бар-жоғын және клиенттер пікірін оқыңыз.
Қаржы нарығын реттеу агенттігі сайты арқылы кез келген сақтандыру компаниясының қызметін тексеруге болады.
Тиімді автосақтандыру — бұл ең арзан емес, ең лайықты таңдау. Себебі көлік жүргізушісі үшін қауіпсіздік пен сенімділік бірінші орында болуы шарт. Онлайн ұсыныстарды салыстырып, тек қажетті қызметтерді таңдап, жеке ерекшеліктеріңізді ескере отырып полис сатып алыңыз. Сонда ғана сіз ақшаны үнемдеп қана қоймай, жолда да өзіңізді сенімді сезінесіз.
Еске сала кетсек, 2025 жылғы 7 сәуірден бері Қазақстанның міндетті сақтандыру жүйесіне өзгерістер енгізілді. Оны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бекітті. Жаңа ережелердің басты мақсаты — жүргізушілерді жолда тәртіп сақтауға ынталандыру, қауіпсіздік шараларын арттыру.