Сауда соғысы. Apple өндірісті АҚШ-қа көшірсе, iPhone бағасы 90%-ға қымбаттауы мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
iPhone бағасы 90%-ға қымбаттауы мүмкін / Фото: kursiv.media архив
iPhone бағасы 90%-ға қымбаттауы мүмкін / Фото: kursiv.media архив

Apple компаниясы АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген кедендік баж салығын айналып өту үшін өндірісті АҚШ-қа көшіруді жоспарлап отыр. Тіпті компания Үндістанда жасалған құны 1,5 млн долларды құрайтын iPhone құрылғыларын дереу АҚШ-қа жөнелтіп үлгерген. Бұл туралы Reuters басылымы жазды.

«Apple технологиялық алпауыты президент Дональд Трамптың баж салығын айналып өту мақсатында Үндістаннан АҚШ-қа 600 тонна iPhone, құны шамамен 1,5 миллион долларды құрайтын құрылғыларды тасымалдау үшін жүк таситын әуе кемелерін жалдады», – деп жазады басылым өзінің дереккөздеріне сілтеме жасап.

Статистикаға сенсек, Apple компаниясы әлем бойынша жылына 220 миллионнан астам iPhone сатады. Counterpoint Research мәліметтерінде АҚШ-тағы iPhone импортының бестен бір бөлігі Үндістаннан, қалғаны Қытайдан келетіні айтылады.

iPhone қымбаттайды

Bank of America сарапшылары осылай жалғаса берсе, iPhone смартфондарының бағасы 90%-ға дейін қымбаттауы мүмкін деп болжап отыр. Өйткені кедендік баж салығына байланысты құрылғылардың өндірісі АҚШ-қа көшірілуі мүмкін. Ал АҚШ-та жұмыс күші қымбат.

«Жұмыс күшінің қымбаттығына байланысты iPhone бағасы 25% артуы мүмкін», – деп мәлімдеді банк сарапшылары.

Компания смартфондарды АҚШ-та жинағанның өзінде бұл компания үшін қымбатқа түседі. Себебі, құрылғыға қажетті жабдықтардың дені Қытайдан жеткізіледі. Ал сауда соғысын бастаған Трамп Қытайдан келетін тауарларға кедендік баж салығын 125%-ға дейін көтеріп тастады. Өз кезегінде Қытай да жауап ретінде америкалық импортқа 84% көлемінде салық енгізді.

Сарапшылар Қытайға салынған кедендік баж салығы Apple компаниясы үшін ауырға соғатынын айтады. Өйткені компания смартфондардың 90%-ын Қытайда өндіреді. Сонымен бірге компания смартфондарды Вьетнам мен Үндістанда шығарады.

Осыған дейін Rosenblatt Securities сарапшылары iPhone 16 Pro Max бағасының 54% тарифтік мөлшерлемемен қаншалықты қымбаттайтынын есептеп шығарған. Оған сәйкес, ең қымбат смартфонның бағасы 1599 доллардан 2300 долларға дейін өсуі мүмкін. Ал 125% салықпен бұл баға 2,5 есе арта түсетіні анық.

Сондай-ақ оқыңыз