Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдеріне 19 жаңа әуе бағыты ашылады – Көлік министрлігі

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қарабаев Көлік министрлігінің 19 жаңа бағытттарға әуе рейстерін ашуды жоспарлап отырғанын айтты
Қарабаев Көлік министрлігінің 19 жаңа бағытттарға әуе рейстерін ашуды жоспарлап отырғанын айтты / Фото: kursiv.media архив

Көлік министрілігі Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдеріне 19 жаңа әуе бағытын ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Көлік министрі Марат Қарабаев айтқан.

Қарабаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің 2024 жылы атқарған жұмысының қорытындысы туралы есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарымен бөліскен.

Министрдің мәліметінше көліктің барлық түрі бойынша тасымал көлемі 6%-ға өскен. Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы өтетін жүк тасымалы 4,5 млн тоннаны құрап, өсім 62%-ға жеткен. Сондай-ақ министр 12 мың шақырым жол жөнделіп, Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Қандыағаш және Атырау – Астрахань тас жолдарын жаңғырту толық аяқталғанын мәлімдеген.

Қарабаев авиция саласына да тоқталып өткен.

«Алматы, Қызылорда және Шымкент қалаларының әуежайларында 3 жаңа жолаушылар терминалы салынды. Отандық әуе компаниялары 14,7 млн жолаушы тасымалдады. Әуежайларда 29,7 млн адамға қызмет көрсетіліп, 14% артты. Биыл Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдеріне 19 жаңа әуе бағытын ашу жоспарланып отыр», – деген министр.

Ал теміржол секторында 21 млн жолаушы тасымалданып, көрсеткіштер 3,9%-ға артқан. Бұдан бөлек 125 теміржол бекетін жаңғыртылып, 5 ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асқан.

Қарабаевтың есебін тыңдаған президент қазақстандықтардың жол жүруіне анағұрлым қолайлы жағдай жасап, туристік нысандарға қолжетімділікті қамтамасыз етуді тапсырған. Тоқаев көлік-логистика саласын өркендетудің, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын сапалы әрі уақтылы жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталып өткен.

Кездесу соңында президент министрге мынадай маңызды шараларды жүзеге асыруды тапсырған:

  • Орталық – Батыс автожолының құрылысын жеделдетуді;
  • Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізін кеңейтуді;
  • Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға ерекше назар аударуды;
  • ішкі және халықаралық әуе рейстерінің санын көбейтуді;
  • көлік секторына инвестиция тарту жұмысын күшейтуді тапсырды.

Айта кетсек, Көлік министрлігі Қазақстанның 6 қаласында авиахаб құруды жоспарлап отыр. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін үкімет 2,1 млрд долар көлемінде инвестиция тартпақшы.

Сондай-ақ оқыңыз