Үкімет Қызылорда облысын ыстық сумен қамту үшін резервтен 5 млрд теңге бөлді

Қызылорда облысын ыстық сумен қамтамасыз ету үшін Үкімет резервінен 5 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Қызылорда облысының бюджетіне ыстық сумен жабдықтау желілерін салу үшін Үкімет резервінен нысаналы трансферттер түрінде шамамен 5 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінгі күні Қызылорда қаласы – орталықтандырылған ыстық сумен жабдықталмаған жалғыз облыс орталығы. Қаланың көпқабатты үйлеріне ыстық тоқпен және газбен жылыту құрылғылары арқылы беріліп отырады. Бұл мәселені шешуді 2023 жылы өңірге жұмыс сапарымен барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған. Мемлекет басшысы ыстық сумен қамтамасыз етуді 2025 жылдың аяғына дейін аяқтауды міндеттеген.
Жалпы бұл жобаның құны 26,2 млрд теңгені құрайды. Ыстық су жүйелерін жүргізу жұмыстары екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең 2024 жылы басталды. Бұл кезде 187 тұрғын үй ыстық су жүйесімен қамтылған. Ол кезде үкімет резервінен 11 млрд теңге бөлінген болатын. Ал екінші кезең осы жылы басталып, жыл соңына қарай 236 тұрғын үй ыстық су жүйесіне қосылады.
«Осылайша, Қызылорда қаласының 423 көп қабатты тұрғын үйі орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесіне қосылады», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.