Қазақстанға әсер ететіні сөзсіз. Тоқаев «тариф майданына» қатысты пікір білдірді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Тоқаев тариф майданының экономикаға әсері туралы
Тоқаев «тариф майданының» салқыны Қазақстанға да әсер ететінін айтты / Фото: Ақорда

Ғалымдарды марапаттау рәсімінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі әлемдік ахуалға қатысты пікір білдірді. Мемлекет басшысы «тариф майданының» салқыны барлық елге әсер ететінін және Қазақстанды да айналып өтпейтінін айтқан.

«Көптеген сарапшылар дүние жүзі кейінгі ондаған жылда болмаған ең ауыр дағдарыстың табалдырығында тұрғанын мәлімдеді. Алпауыт мемлекеттер бір-біріне қарсы «тариф майданын» ашқан соң өндіріс пен сауда тізбегінің бұзылғаны, нарықтардың құлдырап, шикізат бағамының тұрақсыздана бастағаны байқалады. Бұл барлық елге, соның ішінде Қазақстанға әсер ететіні сөзсіз», – деді президент.

Сонымен бірге Тоқаев қазір жоғары тарифтер енгізуге 90 күндік мораторий жарияланғанын, алайда нарықтағы жағдайдың өте тұрақсыз екенін айтты. Осы орайда Қазақстанның осы экономикалық дүрбелеңнің ел экономикасына тигізетін салдарын жоюмен айналысатынын мәлімдеп, қазақстандықтарды дүрлікпеуге шақырды.

«Дүрлігуге себеп жоқ екеніне сенімдімін. Біз сын-қатерлердің бәрін әрдайым өзіміздің басым бағыттарымызды басшылыққа ала отырып еңсеріп келеміз. Сыртқы қолайсыз факторлардың ықпалына қарамастан дамудың даңғыл жолын жалғастыра береміз. Негізгі инфрақұрылымдық жобалар мен басқа да бастамалар толығымен орындалады», – деді Тоқаев.

Президент әлемде болып жатқан жайсыз оқиғаларды негізге ала отырып, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға қажетті іс-қимыл жоспарын шұғыл аяқтауды тапсырған. Сондай-ақ өсім қарқыны мен инвестиция көлемін төмендетпеуді нақтылаған. Себебі осындай аумалы-төкпелі заманда елге инвестиция тарту маңызды.

«Бүгінде инвестиция үшін күрес үдеді. Сондықтан әбжіл қимылдауға тиіспіз. Біз барлық сын-қатерге дайын болғанымыз жөн. Жұмыстың бәрін байыппен әрі сенімді түрде атқару керек. Өздеріңізге белгілі, дағдарыстың да өз қайыры бар. Ол басшылық қызметтегі азаматтардың іскерлік қабілетінің бар-жоғын айқындап береді. Сондай-ақ жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сыртқы ахуал түбегейлі өзгерген кезеңде ұлттық экономиканың орнықтылығы мен әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін мұның маңызы зор», – деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ оқыңыз