Алматыда Қытай инвесторы салатын қоқыс зауытына қанша қаражат кететіні белгілі болды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
қоқыс өңдейтін зауыт
Алматыда тәулігіне 2 мың тонна қоқыс өңдейтін зауыт ашылады / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қытайдың Shanghai SUS Environment Co., Ltd. компаниясы Алматыда 270 млн долларға қоқыс өңдейтін зауыт салады. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің компания басшысы Лун Цзишэнмен кездесуі барысында айтылған.

«Shanghai SUS Environment Co., Ltd. басқарма төрағасы Лун Цзишэн Алматыдағы тәулігіне 2 мың тоннаға жуық қалдықты қайта өңдейтін және 60 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіретін қоқыс өңдеу зауытының жобасын таныстырды. Тікелей инвестиция көлемі $270 млн-ды құрайды», – делінген үкімет хабарламасында.

Бұл зауыт қоқыс өңдеп қана қоймай, қалдықтарды электр энергиясына айналдырады. Waste-to-Energy технологиясы пайдаланылады. Бұл зауыт мегаполистің қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта кәдеге жаратуға мүмкіндік беріп, 2029 жылға қарай қаланың қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 80%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Премьер-министр бұл зауыттың президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2029 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу көлемін 38%-ға жеткізу туралы міндетін орындауға мүмкіндік беретінін айтап өткен.

«Жыл сайын елімізде 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдық түзіледі. Сондықтан, қоқыс өңдеу зауытын салу – қажетті жоба. Электр энергиясын өндіру арқылы қалдықтарды экологиялық кәдеге жарату қайта өңдеуді дамытудағы маңызды қадам болмақ. Үкімет аталған жобаны мақұлдап, қажетті қолдау көрсетуге дайын. Біз байыпты инвесторлармен ұзақмерзімді ынтымақтастыққа мүдделіміз», – деп мәлімдеген Бектенов.

Екі тарап зауыт құрылысын осы жылдың маусым айында бастау туралы келісімге келген. Бұл мерзімге үлгеру үшін премьер-мигистр салалық министрліктер мен Алматы қаласының әкімдігіне  екі апта ішінде Инвестициялар туралы келісімнің жобасын дайындауды тапсырған.

Қалдық өңдейтін зауыттың құрылысы кезінде 500 жұмыс орны ашылады. Ал зауыт ашылған соң, 100 адамға тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген. Лун Цзишэн зауытқа жергілікті мамандардың тартылуына басымдық беретінін жеткізді.

Еске сала кетсек, Қытай инвесторы Алматыда қоқыс өңдейтін зауыт салатыны жөнінде 2024 жылдың желтоқсанында айтылды. Ол кезде жоба құны туралы ақпарат айтылмаған еді. Зауыт құырылысын жүзеге асыру барысында шаһарда 2 мыңнан аса контейнерлік алаң салынады. Сондай-ақ Іле ауданында ҚТҚ көмуге арналған жаңа полигон жобасы әзірленеді.

Сондай-ақ оқыңыз