Президент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасын қабылдады

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали Президентке есеп берді/фото: Ақорда
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали Президентке есеп берді/фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады.

Кездесу барысында Агенттік төрағасы 2025 жылдың алғашқы тоқсанындағы жұмыс қорытындылары мен алдағы міндеттер жөнінде баяндады.

Жыл басынан бері 257 лауазымды тұлға әшкере болған

Асхат Жұмағалидың айтуынша, жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қатысты 521 қылмыс тіркелген. 257 лауазымды тұлға әшкереліп отыр. Соның 141-і – түрлі деңгейдегі басшылар. 366 қылмыстық іс сотқа жіберілді.

Мемлекетке келтірілген залалдың орны толтырылған. 15 миллиард теңге өтелді. 2022 жылдан бері жалпы сомасы 1,13 триллион теңге болатын активтер қайтарылған. Сонымен қатар, мониторинг нәтижесінде 21,2 миллиард теңгенің орынсыз жұмсалуына жол берілмеді.

Адалдық лигасы

Агенттік қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға да баса мән беріп отыр. «Заң және тәртіп», «Адал азамат» тұжырымдамалары аясында 3 мыңға жуық іс-шара өткізілген. Оған 450 мыңнан астам азамат қатысқан. Сонымен қатар, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы іске асырылып жатыр. Жоғары оқу орындарымен серіктестікте Академиялық адалдық лигасы бойынша жұмыс жүргізілуде.

Халықаралық бағытта Агенттік ЭЫДҰ және GRECO секілді ұйымдармен ынтымақтастық орнатқан. Сондай-ақ Қазақстан Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдар қауымдастығының Атқару комитетіне мүше болды.

Қазақстан 88-орында

Transparency International ұйымының 2024 жылғы Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде Қазақстан 40 балл жинап, 180 елдің ішінде 88-орынға тұрақтады.

Кездесу қорытындысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларын күшейтуге тапсырма берді. Сондай-ақ, қылмыстық схемалардың жолын кесіліп, адалдық қағидаттарын ілгерілету қажет.

Мұның алдында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың екі аптада бір рет президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп беретіні белгілі болды. 

Сондай-ақ оқыңыз