Қарақат Әбілдина туған күнінде берілген ең қымбат сыйлықты атады (видео)

Жарияланды 10 Сәуір 2025 17:18

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General News бөлімінің тілшісі s.ostemir@kursiv.media
Қарақат Әбілдина туған күнінде қызы Аяла өнер көрсетті/фото: скрин
Қарақат Әбілдина туған күнінде қызы Аяла өнер көрсетті/фото: скрин

Қарақат Әбілдина туған күнінде дүркіретіп той тойлады. Сол күні алған ерекше әрі ең қымбат сыйлығының не болғанын атады.

Оның пікірінше, ең қымбат сыйлық жасаған қызы Аяла Қыдырәлі болған.

Бұл қандай сыйлық?

«Туған күнімдегі ең қымбат сый-тарту – гүл қызымның ән шашуы болды. Осы күнді ерекше күтті өзі. Кішкентай жүрегі лүпілдеп , мені қуантқысы келгенін сезу қандай ғанибет. Түріңнен айналайын сол!», – деп жұлдыз анасы қызына ризашылығын білдірді.

Қарақат Әбілдина үшін туған күн кеші ерекше өткен. Аяла бір күннің ішінде керемет көйлек тіктірген. Үш күннің ішінде би үйреніп алған.

«Жарқ етіп шыға келгенде, төбем көкке екі елі жетпей қалды. Бақытымды еселеген, Аялекам! Өскеніңді ел көрсін, ботам», – деп батасын берді.

Үлкендерге де ұнаған

Аяланың өнері үлкендерге де қатты ұнағаны байқалады. Бүлдіршіннің өнеріне жақсы баға беріп жатыр.

«Кішкентайдың харизмасы ұрып тұр! Өте керемет! Ол залды өзіне бағындырып алды. Өзінің жігерімен көрермендеріне қуат беріп тұр. Ересектерден кейін бес минуттан кейін ғана залға шықты. Өзі сондай байсалды әрі тәрбиелі бала», – деп пікір қалдырып жатыр.  

Баланың жұлдыз ауруына шалдығуына жол бермей, қабілетін дамыта білген ата-аналарына да рахмет айтқандар бар.

«Лақтырып кетті!»

Мұның алдында Қарақат Әбілдина кештің басталуына небәрі жарты сағат қалған кезде тойды жүргізуі тиіс бір ақын қыздың «лақтырып» кеткенін айтты. Оның келе алмайтынын естігенде, әнші есеңгіреп қалғанын жеткізді. Алайда бұл тығырықтан актриса Ақбота Шәкірқызы алып шыққан. Оған өмірінде алғаш рет амалсыз асаба болуға тура келген.

Қарақат Әбілдина кешке тек қыздар жиналғанын айтты.

Наурыз айының басында Қарақат Әбілдина «Парасат» орденімен марапатталған еді.

Сондай-ақ оқыңыз