
Қазақстанда тоқал алу мәселесі қайта дәстүрге айналғаны құпия емес. Екі әйел алу былай тұрсын, үш немесе төрт әйел алған азаматтар да көп.
Әдетте, тоқал – үстемдіктің, байлық пен биліктің белгісі ретінде қабылданады. Бұған ықпалды адамдардың оқиғасы дәлел бола алады.
Назарбаевтың әйелдері
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та полигамды некеде тұрады. Ол мұны «Менің өмірім» атты кітабында ашық мойындаған. Онда бәйбішесі Сара Алпысқызынан бөлек, тоқалы Әсел Исабаева туралы сөз еткен. «Қазақстан аруымен» қалай танысқанын, арадағы махаббат хикаясын тәптіштеп көрсеткен. Мұсылман дәстүрімен некесін қиып, оның екі ұл туып бергенін жазды.
Дариға Назарбаева, Динара Құлыбаева және Әлия Назарбаевадан бөлек, 2005 жылы туған Тауман, 2008 жылғы Бәйкен атты екі ұлы бар екенін ресми түрде жария еткен еді.
Болаттың 15 ұл-қызы
Бәлкім, еуропалықтар үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың бірнеше әйелі бар екені оғаш әрі таңсық нәрсе шығар. Ал оның інісі Болат Назарбаевтың сансыз әйелдері тоқал алу мүлде таңырқатпайтын қазақ қоғамының өзінің жағасын ұстатқызып келді. Ол Гүлжан, Майра және Гүлнұр Назарбаевамен ресми түрде шаңырақ көтерген. Алайда гаремінде көп қыз-келіншектер болғаны туралы деректер көп. Мәселен, Болаттың тоқалдарының бірі Динара Әлжан байлыққа қол жеткізу үшін кейбір әйелдердің жас қыздарын Болат Назарбаевтың алдына ертіп әкелетінін айтқан болатын. Ол қайтыс болған кезде, 15-ке жуық ұл-мен қызы мұрагерлік үлесіне өтініш білдірді.
Сатыбалдының мүліктері тіркелген әйелдер
Қаңтар оқиғасынан кейін, Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі інісі Қайрат Сатыбалды ұсталғаны белгілі. Алайда залалдың орнын толтырып, мемлекетке 700 млрд теңгеден астам мүлік пен қаржыны өз еркімен қайтарып ақталып шықты. Сол кезде оның кейбір активтері Гүлмира Қауасқызының, Саида Қанатбекқызы және Әсел Бахтиярқызының атына тіркелгені анықталған.
Сатыбалды тегін алған Гүлмира – некесі ресми түрде қиылған бәйбішесі. Марсела Нұрсұлтанның атындағы Мәскеудегі элиталық апартамент те қайтарылды.
Әлеуметтік мәртебесін айшықтау
Ақиқатында, Қазақстанда тоқал алу бұл әулетке ғана тиесілі емес. Нұрсұлтан Назарбаевтан бұрын биліктегілердің арасында көп әйел алғанын алғаш рет ашық айтқан сол кездегі депутат Бекболат Тілеухан болатын. Ол үш некеден 14 баласы бар екенін жасырмады. Десе де, бірнеше отау көтеріп, полигамды некедегі ер азаматтар аз емес. Олардың қатарында облыс әкімдері, бизнесмендер және танымал азаматтар кездеседі.
Өйткені тоқал алу Қазақстанда әлеуметтік мәртебесін айшықтайтын белгі ретінде қабылданып жүр. Rolex cағаты немесе яхта баламасы десек те, көп қателеспейміз. Бір қызығы, шенділердің шетінен тоқал ала бастауына Астананың Алматыдан Ақмолаға көшуі түрткі болыпты. Ол кезде отбасын оңтүстік астанаға қалдырып, қызмет бабымен саяқ жүруге тура келген. Сондықтан іргесі жаңа қаланып келе жатқан қалада ақшалы азаматтар жалғызсырап, өзге аруларға көз тіге бастапты.
Тойда тоқал сыйлау тренді
Соңғы кездері бұл үрдіс қоғам ішіне де дендеп еніп отыр. Тіпті, кейбір әйелдердің күйеуінің мерейтойына орай тойда тоқал сыйлауы жиіледі. Әрине, қонақтардың көңілін көтеру мақсатындағы әзіл трендке айналады деп ешкім күтпеген еді.
Қызды-қыздымен шын сыйлағандары да кездесті. Соның бірі – Алматы облысының тұрғыны Дина атты әйел (аты-жөні өзгертілді).
«Бұл оқиғадан кейін бір жылдан соң әрең ес жиып жатырмын. Қоғам тарапынан қатты буллингке ұшырадым. Мені танитын адамдар да, танымайтындары да телефонымды тауып алып, қоңырау шалып, ауыр сөздер айтып сөкті. Жұрт өз күйеуіне тоқал әпергені несі деп қабылдамай жатыр. Енді ғана ұмытылып келеді», – деп аты-жөнін атамауды өтінді.
Тоқал алудың шарттары қандай?
Қазақстанда тоқал алу – ежелден бар дәстүр. Кеңес дәуірінде бұған тыйым салынды. Тәуелсіздік алған соң, діни сана мен салт-дәстүрлер қайта орала бастады. Сондықтан дін ұстанатын ауқатты адамдардың арасында да бірнеше әйел алушылар жиі кездеседі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пікірінше, неке қию үшін қыздың әкесінің рұқсаты керек. Онсыз бұл мауқуф деп аталады. Ата-ананың батасынсыз, толыққанды ерлі-зайыпты деп есептелінбейді. Ислам ілімінде үйленгенін жасырған адамның некесі де жарамсыз болуы мүмкін.
Әрине, шариғат бойынша көп әйел алуға болады. Бірақ оның шарттары да бар. Соның бірі – әйелдерін бөліп жармай, әділ әрі тең қарау. Ол қолынан келмесе, бір әйелмен шектелген абзал.
Десе де, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Полигамдық некені ресми түрде мойындамайды. Сондықтан тіркелмейді.