Бүгін Шерзат Полаттың қазасына қатысты сот басталады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
16 жастағы жасөспірім Шерзат Полат 2024 жылғы 4 қазанда қаза болды / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Бүгін, 10 сәуірде, Талдықорған қаласында Шерзат Полаттың қазасына қатысты іс бойынша соттың алдын ала тыңдауы басталады. 16 жастағы жасөспірім былтыр қазан айында Талғар қаласында кісі қолынан қаза болды. KursivMedia Талдықорғаннан тікелей трансляция жүргізеді.

Істі Алматы облысының соты қарап жатқанымен, алдын ала сот тыңдауы Жетісу облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ғимаратында өтеді. Жоғарғы сот мұның себебін істегі тоғыз айыпталушының (тергеу барысында барлығы 11 күдікті ұсталған) Талдықорғандағы тергеу изоляторында отырғанымен түсіндірді.

Сот отырысы 10 сәуір, бейсенбі күні түскі сағат 12.00-де басталады. Шерзаттың соты ашық өтеді.

Істі судья Е.С. Жанұзақов қарайды.

«Адам өлтіру», «бұзақылық», «қорқыту» және «қылмыс туралы хабар бермеу» фактілері бойынша қозғалған қылмыстық істерді Алматы облысының полициясы тергеді. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Оның ішінде 40 сот сараптамасы, 200-ге жуық куәгердің жауабы бар. Іске қосымша сегіз видеоматериал тіркелген.

Жәбірленуші тараптың мүддесін сотта адвокат Мейірман Шекеевтің кеңсесі қорғайды. Оған Жандос Палманов, Әлім Мұстафаев, Дина Досаева, Нұрболат Ыбраев, Бағдат Амандосұлы және Бекзат Мязов сынды адвокаттар көмектеседі.

Шерзат Полаттың қазасы

2024 жылғы 4 қазанда Алматы облысы Талғар қаласында «Қамажай» дүкені алдында қарулы жанжал болып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Полат ата-анасының көзінше пышақтап өлтірілді.

7 қазанда марқұмның туыстары аудан әкімдігінің алдына жиналып, жолды жауып, тергеудің әділ өтуін талап етті. Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов үш күннен бері жергілікті құқық қорғау орындары еш іс-әрекет жасамай, қылмыстық істі бұрмалап отыр деп мәлімдеді.

8 қазанда Ішкі істер министрлігі Талғардағы оқиғаға қатысты істі бақылауға алғанын хабарлады.  Қылмыстық істі Алматы облысының полициясы қабылдап алды. 9 күдікті ұсталды, оның екеуі куәгер ретінде босатылды.

9 қазанда жасөспірім қаза болған күні полиция мен жедел жәрдемге хабарласқан куәгерлер «Қамажайдағы» қанды оқиғаны Kursiv.Media тілшісіне баяндады.

10 қазанда Қаржаубай Нұрымов азаматтарды митингіге шықпауға шақырды. «Ешқандай митинг, қантөгіс болмасын», – деді марқұмның әкесі.

Шерзаттың отбасына неге жылу жиналмады. Айтбек Амангелді түсінік берді
Марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов қантөгіс болмағанын қалаған / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылындағы үйін біреулер өртеп кетті. Сол күннен бастап отбасына күзет берілді. Қылмыстық іс министрдің ерекше бақылауына өтті.

15 қазанда қылмыстық іс бойынша 10 адам күдікті, ал екі адам куәгер ретінде өтіп жатқаны мәлім болды.

Полиция «бұзақылық», «қорқыту», «адам өлтіру» және «қылмыс туралы хабар бермеу» фактілері бойынша іс қозғаған. Бұған қоса, Азат ауылындағы өртке байланысты тағы бір қылмыстық іс қозғалған.

15 қазанда Талғар қаласының әкімі мен орынбасары жұмыстан шығарылды. Сол күні күдіктілердің бірі «Хуторлық Хасанның» бауыры Аслан Қасымбаев аудан әкімі аппаратының басшысы қызметінен кетті. Хасан Қасымбаев өзі туралы жалған ақпарат таратқандарды жауапқа тартатынын айтты.

17 қазанда К. есімді күдікті ұсталғаны анықталды.

18 қазанда Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры қызметтен босатылды. Сол күні Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев қызметтен кетті.

2 қарашада Хасан Қасымбаев қамауға алынды. Екі күннен кейін күдіктінің жақындары мемлекет басшысынан араша сұрады.

Талғардағы тағы бір ауыр қаза

2024 жылғы 9 желтоқсанда Талғар маңында Қаржаубай Нұрымовтың інісінің денесі табылды. Полиция Нұрқанат Ғайыпбаев өз-өзіне қол жұмсады деген нұсқаны ұсынды. Марқұмның туыстары оған сенбейді. «Нұрқанат өлетіндей бала емес еді», – дейді Нұрымов.

Нұрқанат Ғайыпбаевтың қазасы құпияға толы / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

10 желтоқсанда түсте Азат ауылында Нұрқанат Ғайыпбаевтың жаназасы өтті. Жерлеу рәсімінен соң Нұрымов қазаға Талғар полициясы қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін екенін айтып, сол күні түнде өзі көрген Кia көлігін табуды талап еткен. «Баламды өлтіргенде шыдадым. Інім бар деп жүрдім. Енді мені өлтірсе, өлтірсін, соттаса соттасын», – деп ашуланды Қаржаубай.

Сол күні полиция «қоғамдық тәртіпке» қауіп төндіргені үшін Нұрымовтың ұсталғанын хабарлады. Түнде Нұрымов әкімшілік сот шешімімен 15 тәулікке қамалды. Оның немере әпкесі Бақыт Реймова халықты митингіге шақырғаны үшін айыпты деп танылып, 15 тәулікке қамалды, шетел азаматы ретінде елден депортацияланатын болды. Нұрымовтың әпкесі Салтанатқа бұзақылық жасағаны үшін айыппұл салынды. Осы отбасының күйеубаласы Айғазы да 15 тәулікке қамалды.

16 ақпанда Шерзаттың өліміне қатысты ұсталған күдіктілер тергеу изоляторында туған күн тойлағаны туралы видео әлеуметтік желілерде таралды.

18 ақпанда Еңбекшіқазақ ауданының уақытша ұстау изоляторында түсірілген видеоның таралуына қатысты қылмыстық іс қозғалды. 16 қызметкер қатаң тәртіптік жазаға тартылып, мекеме басшысы жұмыстан шығарылды.

2025 жылғы 27 ақпанда Алматы облысының полициясы Шерзат Полаттың өліміне қатысты істі тергеу аяқталғанын хабарлады. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. 40 сот сараптама жасалып, 200-ге жуық куәгерден жауап алынған.

18 наурызда Шерзаттың отбасы қоғам белсендісі Айтбек Амангелдінің көмегінен бас тартқаны мәлім болды

19 наурызда блогер, қоғам белсендісі Жан Ахмадиев жаңа қорғаушыларды таныстырды. Істі адвокат Мейірман Шекеевтің кеңсесі қабылдап алды.

31 наурызда қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы 10 сәуірде Талдықорған қаласында өтетіні мәлім болды. Жоғарғы сот себебін істегі тоғыз айыпталушы осы қаладағы тергеу изоляторында отырғанымен түсіндірді. Сот ашық өтеді.


Сондай-ақ оқыңыз