Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы – тікелей трансляция

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы - тікелей трансляция
Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы Талдықорғанда басталды / Фото: коллаж kursivmedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

10 сәуірде Талдықорған қаласында Шерзат Полаттың қазасына қатысты іс бойынша соттың алдын ала тыңдауы басталады. 16 жастағы жасөспірім былтыр қазан айында Талғар қаласында кісі қолынан қаза тапқан. KursivMedia сот отырысына тікелей трансляция ұсынады.

14:25 Судья Жанұзақов қаулы жариялады. Оған сай бас сот талқылауы Жетісу облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ғимаратында 2025 жылғы 17 сәуірде 10:00-де өтетін болып тағайылдалды. Сот толқылауы ашық өтіп, өндіріс қазақ тілінде жүргізіледі. Одан кейінгі отырыс келесі күні – 18 сәуір сағат 10:00-де өтеді. Осылайша, процесс аптасына екі рет, бейсенбі, жұма күндері өтіп тұрады.

14:00 Судья Жанұзақов сотталушылардан істі алқа билердің қатысуымен қарай туралы сұрады. Сотталышулар бұған қарсылық білдірді. Бұған қоса, адвокаттар істі Қарасай аудандық сотында қарау туралы өтінген. Алайда судья Алматы облысындағы сотта тергеу изоляторы болмағандықтан, істің Талдықорғандағы сот ғимаратында қаралып жатқанын түсіндірді.

13:30 Прокурор Ержан Құрақбаев айыптау актісін оқып бастады. Оның айтуынша, сотталушы Шынасыл жақын туыстарының көзінше Шерзат Полаттың жүрек тұсына пышақ сұққан.

Прокурор дүкендегі жанжалдың неден туғаны туралы түсіндіріп айтып берді.

Прокурор сотталушылардың толық тізімін оқып шықты. Сотталушылар: Шынасыл Абзал Нұрғалиұлы, Сакиев Равил Магомедович, Белғожаев Шыңғыс Айдосұлы, Әскентай Дархан Дарханұлы, Тоқтаубаев Нұрбол Маратбекұлы, Ілиясов Нұрқияс Төлепбекұлы, Тоқтаубаев Азамат Маратбекұлы, Қалияхмет Дидар Еркінұлы, Ысқақ Думан Қайдарұлы.

13:25 Судья Жанұзақов сот залынан әлеуметтік желілерде тікелей эфирде жүргізуге тыйым салды. Бұған қоса, соттан ақпарат таратып отырған журналистерге сотталушылардың суретін, видеосын түсіруге, таратуға тыйым салды. Сот процессінің өзге қатысушыларын түсіруге рұқсат берілді.

13:00 Сот отырысында судья Ержан Жанұзақов істі ашық өткізу, Жоғарғы сот Youtube және Telegram арнасында тікелей эфир жүргізу туралы шешім қабылдады.

12:20 Жоғарғы соттың коммуникация жөніндегі өкілі Перизат Сәдуақас-Хайруллинаның айтуынша, сот процесі енді басталды. Үш адвокат кешігіп келуіне байланысты алдын ала сот отырысы кешірек басталды. Судья 10 минутта сот форматын анықтауы керек. Хайруллинаның айтуынша, тоғыз сотталушының бірі 16 жасқа толмаған жасөспірім болғандықтан, фото-видео түсіру мәселесін судья алдын ала шешуі керек.

Фото: kursivmedia, Сергей Головня

12:00 БАҚ өкілдеріне бөлек залға кіргізген. Сот олардың процесске қатысуы мәселесін талқылауы тиіс. Жоғарғы соттың коммуникация қызметінің өкілі Перизат Сәдуақас-Хайруллина сот процессінің басталғанын айтып, заңнамаға сәйкес, БАҚ өкілдері ақпарат таратуға қатысты судья шешімін күтуі қажет екендігін түсіндірді.

Фото: kursivmedia, Сергей Головня

11:30 бастап сот залына адамдар кіре бастады. Отырысқа жәбірленуші тараптан Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов келген. Жиналғандар көп болып, кішкене сот залына сыймай жатыр. Ақпарат таратуға 50 шақты БАҚ өкілі келген.

10 сәуірде Талдықорған қаласында Шерзат Полаттың қазасына қатысты іс бойынша соттың алдын ала тыңдауы белгіленген.

«Адам өлтіру», «бұзақылық», «қорқыту» және «қылмыс туралы хабар бермеу» фактілері бойынша қозғалған қылмыстық істерді Алматы облысының полициясы тергеді. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Оның ішінде 40 сот сараптамасы, 200-ге жуық куәгердің жауабы бар. Іске қосымша сегіз видеоматериал тіркелген.

Жәбірленуші тараптың мүддесін сотта адвокат Мейірман Шекеевтің кеңсесі қорғайды. Оған Жандос Палманов, Әлім Мұстафаев, Дина Досаева, Нұрболат Ыбраев, Бағдат Амандосұлы және Бекзат Мязов сынды адвокаттар көмектеседі. 

Сондай-ақ оқыңыз