Адвокат: Шерзат Полаттың туыстары күйзеліске ұшыраған. Талабы – тек қана әділдік

Шерзат Полаттың қазасына қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы аяқталған соң, жәбірленушілердің мүддесін қорғаушы адвокат Мейірман Шекеев журналистер сауалына жауап берді.
Жәбірленушілердің бәрі күйзеліске түскен
Істегі басты жәбірленуші – Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов сотқа дейін де, соттан кейін де журналистермен тілдесуге құлық танытпады. Адвокаттың айтуынша, жәбірленушілердің бәрі күйзелісте жүр.
«Жәбірленушілердің сұрайтыны – тек қана әділ сот. Бәріңіз білесіздер, бір үйден екі адам қаза болды. Көңіл-күйлері түсіп, күйзеліске ұшыраған. Сол үшін біз сотқа бір талап қоямыз. Оны келесі сотта жариялаймыз», – дейді Шекеев.
Дегенмен соттағы төрт жәбірленушінің бірі, Қаржаубайдың қарындасы Перизат Нұрымова журналистермен қысқаша тілдесіп, іске қатысты ойын жеткізді.
«Тағылған айыптарға келісіп отырмыз. Бірақ біздің отбасымыздың ортақ пікірі бойынша, олар бір топ адам болып бала өліміне жауапты алуы керек. Біз көп нәрсе сұрамаймыз. Тек қана әділдік талап етеміз», – дейді Нұрымова.

Шерзат ісі Талдықорғанда емес, Қаскелеңде қаралсын
Жәбірленушілер мүддесін сотта жеті адвокат қорғап жатыр. Олардың бірі істің Талдықорғанда емес, Қаскелеңдегі сотта қаралуын сұрады. Алайда судья Ержан Жанұзақов өтінішті орындамай, себебін айыпталушыларды сотқа жеткізудің қиындығымен түсіндірді. Дегенмен қос тараптың да қорғаушылары тағы арыздануды көздеп отыр.
«Біз тағы да өтініш береміз. Себебі жәбірленушілерге де, басқаларға да өте ыңғайсыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 314-бабына сүйене отырып, сот өтетін жерге қатысты шешімді өзгертуге құқымыз бар. Сотталушылардың адвокаттары да шағым түсіреміз деп отыр.
Іс Қарасай ауданындағы сотта қаралуы тиіс. Талдықорған алыс. Жәбірленушілердің қан қысымы бар. Ал күдіктілерді сотқа жеткізу – біздің мәселе емес», – деп кесіп айтты адвокат Шекеев.
Судья Ержан Жанұзақов сот талқылауын 17 сәуір сағат 10-ға белгілеген. Әзірге сот Талдықорғанда аптасына екі мәрте – бейсенбі және жұмада өте береді.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр 4 қазанда Талғардағы «Қамажай» дүкені алдында қарулы жанжал болып, 16 жастағы Шерзат Полат ата-анасының көзінше пышақтап өлтірілді.
Қылмыстық істі Алматы облысының полициясы тергеп, биыл ақпанда сотқа өткізді. 62 томдық қылмыстық істе 9 сотталушы бар.
Мемлекеттік айыптаушы Ержан Құрақбаев айыптау актісімен таныстырды. Прокурорлар Абзал Шынасылға «адам өлтіру және бұзақылық», Равиль Сакиевке «адам өлтіруге оқталу және бұзақылық» айыптарын тақты. Қалған алтауы – Белғожаев, Әскентай, ағайынды Тоқтаубаевтар, Ілиясов және Қалиахмет — «бұзақылық» үшін істі болды. Ал Думан Ысқаққа «ауыр қылмыс туралы хабарламау» айыбы тағылды.
Шерзат соты Жоғарғы соттың Youtube-арнасында көрсетілді. KursivMedia сот отырысынан тікелей трансляция жүргізді.