Трамп қытай тауарларына баж салығын 125%-ға дейін көтерді

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай тауарларына баж салығын 125%-ға дейін көтергенін жариялады. Бұған дейін Қытай америкалық тауарларға сауда салығын 84%-ға дейін көтерген.
Трамп Бейжіңге қатысты шешімін өзіне тиесілі TruthSocial әлеуметтік желісіне жазды.
«Қытайдың әлем нарығына құрметпен қарамайтынын ескере отырып, мен АҚШ-тың Қытайға арналған тарифтерін 125%-ға дейін көтеремін. Шешім бірден күшіне енеді», – деп мәлімдеді Ақ үй басшысы.
Трамптың пікірінше, Қытай «АҚШ пен басқа да елдердің ақысын жеуге болмайтынын» жақында түсінеді.
Бір күн бұрын АҚШ президенті қытай тауарларына баж салығын 104%-ға дейін көтерген. Ал ҚХР оған жауап ретінде америкалық импортқа сауда салығын 84%-ға дейін өсірген.
Содан кейін Бейжің Дүниежүзілік сауда ұйымына жүгінген.
Ондаған мемлекет тариф мәселесімен Ақ үйге шығып жатса, Қытай басқа жол таңдап, АҚШ-тың өзіне қарсы тариф енгізіп жатыр. Осылайша әлемнің екі ірі экономикасы арасындағы сауда соғысы шиеленісе түсті.