Өзін басқалармен салыстырмай өмір сүргісі келетіндерге 10 пайдалы кеңес

Жарияланды 10 Сәуір 2025 09:47

Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Өзін басқалармен салыстырмай өмір сүргісі келетіндерге 10 пайдалы кеңес
Өзін басқалармен салыстырмай өмір сүргісі келетіндерге 10 пайдалы кеңес / Фото: Shutterstock

Өзіңізді басқалармен салыстырған сайын өзімізге өзіміз ор қазғандай боламыз. Одан қала берді әлеуметтік желі, басқалардың қол жеткізіп жатқан жетістіктері, күткен нәрсеміздің ойдағыдай орындалмауы — бәрі кері әсер етуі мүмкін. Соның кесірінен адам өзіне керек дүниенің емес, алдамшы ойлардың қақпанына түсіп қалып жатады. Олай болса, мұндай күйге түспес үшін не істеу керек, егер қазір осындай жағдайда жүрсеңіз не істеу керегіне тоқталайық.

Неге салыстыра бересіз, соны түсініп алыңыз

Жалпы алғанда мидың негізгі функцияларының бірі — салыстыру. Яғни оның жұмысы сол: мен қайда тұрмын, басқалар қайда жүр, қайсысы қалыпты — осыны анықтау үшін ойланады. Бірақ осы ретте конструктив салыстыру (мотивация, құлшыныс, шабыт және т.б. үшін) мен деструктив (қызғаныш, көреалмаушылық және т.б.) салыстырудың арасындағы айырмашылықтың аражігін ажырата білу қажет.

Берер кеңесіміз:
Өзіңізге күнделік арнап, сол жерге ойларыңызды, байқаған дүниелеріңізді түртіп алуды әдетке айналдырыңыз. Сонда әр әрекеттің триггерін анықтау оңай болады. Неге ол олай болды? Өзіңізді қалай сезіндіңіз? Осы сұрақтарға жауап бар болса, түсіну жеңілдейді.

Әлеуметтік желідегі триггерлерді шектеп тастаңыз

Instagram, TikTok, LinkedIn сияқты желілерде жұрт көбіне жетістіктерін тізгенді жақсы көреді. Соның әсерінен өзімізді өзгеден кем сезіне бастауымыз мүмкін. Басқаның бәрі керемет, сіз ғана өмірде жолы болмаған байқұстай көрінесіз.

Олай болса, мына лайфхактарды жасап көріңіз:

  • Жетістіктерінің нәтижесін сала бермей, оған жетер жолда не істегенін, қандай кедергілерге тап болғанын қоса айтып отыратын адамдарға жазылыңыз.
  • Ұйқыдан тұрған алғашқы жарты сағатта және жатардан 30 минут бұрын мүлдем телефон ұстамау керек деген ереже енгізіңіз. 
  • Іштарлық оятатын, күйіңізді мазасыз қылатын, «мен бір бейшара болған екенмін» деген ойға батыратын нәрсенің бәрін көз алдыңыздан алып тастаңыз.

Өзіңізді өзіңізбен ғана салыстырыңыз

Салыстырманың ішінде ең абзалы — бұрын қандай болдыңыз және қазір қандайсыз деп өзіңізді өзіңізбен салыстыру ғана. 

Мына жаттығуды жасап көрсеңіз болады:
Айына бір рет мына үш сұраққа жауап беріңіз:

  • Осыдан бір жыл бұрын жасай алмаған қандай істі қазір жасап жүрмін? 
  • Қай тұста сенімді бола түстім?
  • Осы айда аз да болса қандай жетістіктерге қол жеткіздім?

Осы үш сауалға жауап берген кезде іштей кемелденгеніңізді, өскеніңізді сезіне түсесіз. Бұл — өте керемет сезім.

Өзіңізді бейнебір жоба қылып елестете бермеңіз

Қазір көбі «өзімнің ең үздік нұсқамды жасауым керек» деген ойда жүр. Дегенмен бұл бәйгеде көбіне адамдар қажып, шаршап қалады. Өмірді бітпейтін марафонға айналдыра берген жөн емес.

Оның орнына былай істеңіз:
Құндылықтар мен сезімдерге көбірек көңіл қойыңыз. Ал ол үшін мына сауалдарға жауап керек:

  • Өмірде өзімді қалай сезінгім келеді?
  • Дәл осы сәтте маған не нәрсе маңызды?
  • Өзіммен-өзім берік байланыста болу үшін не істеуім керек?

Іштегі «сыншымен» жұмыс істеңіз

Әр адамның ішінде «Әне, ананы қарашы үш баласы бар, бірақ жұмысқа да үлгереді. Сен былжырап әлі жүрсің» немесе «Жұрттың бәрі бизнес ашып алды. Сен қалдың олардан» дегендей ой айтатын «сыншы» жатады. Бірақ оның айтып жатқан ойы асылы сіздің үніңіз болмаса керек. Көбіне ол ойлар жақындарымыздың бізден күткені, айтқан ақылынан қалыптасады. 

Не істейміз:

  • Сол ішкі үніңізге бір образ беріңіз не ат қойыңыз. Мысалы «қатаң апай» болсын.
  • Одан соң айтылған сынның бәрін қолдау білдіретін сөздерге ауыстырыңыз. Айталық, «ілініп-салынып әлі жүрсің» дегеннің орнына «бәрі өз ретімен, жақсы жүріп келе жатыр» деп айтуды әдетке айналдырыңыз.

Өзгенің қуанышына шынайы ортақтасып үйреніңіз

Біреудің қуанышына шынымен қуанып, мәз болған кезде іштегі қызғаныш деген қызыл «ит»әлсірей түседі. Ол адам бойында туа бітті болмайды. Бұл машықты жаттықтыруыңыз керек.

Олай болса, былай істеп көріңіз:
Біреуді көре алмай, қызғанып тұрғаныңызды байқап қалдыңыз ба, дереу өзіңізге мына сұрақтарды қойыңыз:

  • Бұл адамның бойында мен құрметтейтін қандай қабілет бар? Мен қай қасиетін ерекше бағалаймын?
  • Бұл кісіден не үйрене аламын?

Басқаларды қоя беріңіз. Өз шекараңызды өзіңіз шегендеңіз

Жұрттың соңына ілесемін десеңіз, ол кезде бағдар өзіңіздікі болмайды. Мысалы, «анау секілді үй аламын», «отызға келгенше анау секілді отбасын құрамын» деп әуре болмаңыз. Біреуді емес, бағдар ретінде өзіңізді алыңыз. 

Мына сұрақтарға жауап алсаңыз, бағдар қалыптастыру жеңілдейді:

  • Өмірде маған не нәрселер маңызды?
  • Өмірімді, әр күнімді қалай өткізгім келеді?
  • Не нәрсені мен жетістік емес, үйлесім деп қабылдаймын?

Өзгелердің емес, өзіңізге маңызды дүниелердің тізімін жасаңыз

Өзіңізді салыстырудың ең жасырын түрінің бірі — өзіміздікі деп ойлайтын, бірақ негізінде басқалардың приоритеттерін иемденіп алу. Айталық біреу мансабын керемет жасап жатыр делік. Соған қараймыз да біз де қалыс қалмау үшін тырмысамыз. Ал негізі дәл қазір ол ұмтылыстан гөрі отбасыңыз не жаныңыздың тыныштығы маңыздырақ болуы мүмкін.

Берер кеңесіміз:
Басқаларды шетке ысырып қойыңыз да, өзіңізге шынымен маңызды дүниелерді тізімін жасаңыз. Тізімде шамамен 5-7 приоритет болсын. Мысалы, «отбасымен уақыт өткізу», «денсаулықты түзеу», «шығармашылыққа ден қою» және т.б. Сөйтіп сол жасаған тізімді көзге көрініп тұратын жерге іліп қойыңыз. «Қуып жету керек» деп тыраштана бастасаңыз болды әлгі тізімге көз тастаңыз да, «мына мақсат шынымен өз қалауым ба әлде бәйге ме?» деп сұрақ қойыңыз.

Аптасына кемі бір рет дижитал-детокс жасап тұрыңыз

Үнемі басқалармен өзімізді салыстыра беруімізге дижитал ортаның әсері мол. Сондықтан «жетісіне бір күн мүлдем желіге кірмеймін» деген ереже қосып қойыңыз. Сонда миыңыз жаңарып, қалыпқа келеді.

Детокс күні не істеуге болады:

  • Кітап оқыңыз
  • Пернетақтаға әдеттеніп алған адам болсаңыз, қағазға қолмен жазу жазыңыз
  • Телефонды үйде тастап серуендеңіз
  • Басқалардың не істеп жатқанына емес, ішкі жай-күйіңізге үңіліңіз.

Алғыс пен шүкір жазатын күнделік арнаңыз

Өзіңізде жоқ нәрсеге ден қоя бергеннің орнына сізде бар нәрсеге назар аударып үйреніңіз. Сонда іште тапшылықтан гөрі молшылық орнайды. 

Күнделік форматы шамамен мынадай:
Күнде кешке :

  • Бүгін алғыс айтатын 3 затты тізіңіз;
  • Өзіңізді «өзім» деп сезіндірген 1 сәтті жазыңыз;
  • Басқаларға білінбесе де, өзіңізге маңызды 1 жетістікті жазыңыз. 

Еске сала кетсек, бұған дейін FOMO немесе fear of missing out синдромы туралы жазған едік. Бұл адамның басқалардың өмірі қызыққа толы, өз өмірі іш пыстыратындай сұрқай деп ойлайтын күйі. «Жұрттан қалып қоятын болдым» деген үреймен әр нәрсенің басын шалатындарға пайдалы кеңестер ұсынғанбыз.   

Сондай-ақ оқыңыз