Қазақстанда букмекерлік кеңселерді жарнамалауға толық тыйым салынбайды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Дегенмен букмекерлік кеңселерді жарнамалау ережелері қатаңдай түсті / Коллаж: kursiv.media архиві

Қазақстанда букмекерлік компаниялардың жарнамасына толығымен тыйым салынбайды. Себебі олар елдегі спорттық іс-шаралардың басты демеушілері болып қала береді. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрлігінің және Ойын бизнесін реттеу комитетінің өкілдері айтты.

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, бастапқыда заң жобасында букмекерлердің жарнамасына ешқандай шектеу қарастырылмаған. Алайда депутаттардың бастамасымен және министрліктің қолдауымен құжатқа белгілі бір шектеу шаралары енгізілген.

Ал комитет төрағасының міндетін атқарушы Әділет Тұрғанбаевтың түсіндіруінше, жарнамаға толық тыйым салу спорт саласына кері әсерін тигізеді. Өйткені букмекерлердің қолдауынсыз оның қаржылық жүктемесі мемлекеттік бюджетке түсер еді. Комитет өкілінің айтуынша қазіргі жағдайда бұл мүмкін емес. Сол себепті билік жарнаманы спорт саласында сақтап қалу арқылы ымыралы шешім қабылдап отыр.

Дегенмен  букмекерлік кеңселерді жарнамалау ережелері қатаңдай түсті. Бүгін Сенаторлар «ҚРкейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау, ойын бизнесі және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қарап мақұлдады.

Қандай шектеулер енгізілді

  • Онлайн-платформаларда букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынады;
  • Рұқсат тек ойын алаңдары, компаниялардың ресми сайттары және спорттық БАҚ үшін сақталады;
  • Спорттық іс-шараларды өткізу кезінде ғана спорттық ғимараттарда жарнама орналастыруға жол беріледі;
  • Жарнамалық материалдарды мобильді құрылғыларға жіберуге тыйым салынады;
  • Шартты немесе бас бостандығын шектейтін сотталған адамдар құмар ойындарға қатыса алмайды.

Еске салайық, Қазақстанда футбол лигаларына енді букмекерлік компаниялардың (Олимпбет) атауы қойылмайды. Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) премьер-лига мен ұлттық турнирлер атауларынан букмекерлік кеңселердің атауын алып тастау туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ оқыңыз