Дженнифер Лопестің Астанада өтетін концертінің билеттері қашан сатыла бастайды

Жарияланды 10 Сәуір 2025 16:44

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Дженнифер Лопес концертіне билет сатылымы 11 сәуірде басталады / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Әлем жұлдызы Дженнифер Лопестің концертіне билеттер сатылымы қашан басталатыны белгілі болды. Әншінің жеке концерті оның әлемдік туры аясында өтеді.

Дженнифер Лопестің Астанадағы концертіне билеттер сату 11 сәуірде басталады. «Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасеновтің мәлімдеуінше, сағат 11:00-де ашылады.

«Билеттерді қайта сату және  басқа да алаяқтықты болдырмау мақсатында әлемдік тәжірибе негізінде жүйе қолданылатын болады. Бастапқыда ваучер сатылады. Бірегей QR код концерттен үш күн бұрын  ғана беріледі. Бір адам ең көп дегенде 4 билет қана ала алады, бір аккаунт, бір ғана банк картасымен», — деді спикер ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Ұйымдастырушылар іс-шараның ауқымы мен әртістің мәртебесіне байланысты қауіпсіздік шаралары да күшейтілетінін айтады.

Еске сала кетейік, өнер иесінің Астанадағы концертіне билеттер 40 мыңнан басталып 150 мың теңгеге дейін барады. Билеттер сатылымы бір уақытта төрт елде ашылады. Атап айтқанда, Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан тыңдармандары үшін қолжетімді болмақ.

Дженнифер Лопес концерті қашан өтеді

Айта кетейік, әйгілі поп-жұлдыз Дженнифер Лопес биыл 1 тамызда Астанада концерт береді. Up All Night әлемдік туры аясындағы шоу «Астана Аренада» өтеді. Америкалық жұлдыздың әлемдік турында 17 қала көрсетілген. Ол 1 шілдеде Түркияның Анталья, Ыстанбұл қалаларында басталып, Астана мен Ереванда аяқталады. Бұған қоса, JLo Кадис, Малага, Мадрид, Барселона, Варшава, Будапешт және Бухарест қалаларында концерт өткізеді. 

Дженнифер Лопес пен басқа да әлемдік жұлдыздардың Астанада өтетін концерті бүгін, 8 сәуірде, Үкімет қабырғасында да талқыланды. Astana Concert компаниясының продюсері Мәлік Хасенов концерт ойдағыдай өтсе, ел бюджетіне 400 млн теңге шамасында салық түседі деген болжам айтып отыр. Өнер жұлдызының концерті толығымен коммерциялық негізде ұйымдастырылады.  

Сондай-ақ оқыңыз