Мемлекетке 769 млн теңге шығын келген істі ұйымдастырған әйелге жаза тағайындалмады

Астанада мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірген адамдар тобына сот үкімі шықты. Астана соттарының хабарлауынша, іс бойынша шығын сомасы – 769 млн теңге. Іс бойынша айыпталушының бірі сот үкімі шыққан уақытқа дейін қайтыс болғаны айтылды, деп хабарлайды KursivMedia.
Іс барысында адамдар тобының жұмыстарды іс жүзінде орындамай, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей шот-фактураны жазып бергені анықталды. Сотталушылар кінәсін толық мойындады.
Сотта Ш. заңсыз баюды көздеп, жалған шот-фактураларды жазу туралы ойын У.-ға айтқан. Әрі қарай У.-ға Астанадағы объектілерде құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындауды ұсынып, мәмілелердің бір бөлігі жалған болатынын ескерткен. Ал оларды іске асыру үшін жаңа кәсіпкерлік субъектілерін тіркеу қажет екенін айтқан.
«2022-2023 жылдар аралығында Ш. У.-мен бірге «L» ЖШС мен «Z» ЖШС атынан тауарсыз шот-фактураларды жазып беру жөніндегі қызметті ұйымдастырып, мемлекетке 274 млн теңге сомасына салық төлемеу түріндегі аса ірі залал келтірген», – делінген іс материалдарында.
Сондай-ақ Ш. ұқсас тәсілді Н. мен П.-ға ұсынып, 2022-2024 жылдар аралығында 4 ЖШС атынан әрекет еткен. Салдарынан мемлекетке 495 млн теңге көлемінде салық төлемеу түрінде залал келтірілген.
Сот қылмыстық ұйымдастырушы Ш.-ны кінәлі деп танып, қайтыс болуына байланысты жаза тағайындамады.
Н., У. және П. кінәлі деп танылып, оларға шот-фактураларды ресімдеуге байланысты қызметпен 5 жыл мерзімге айналысу құқығынан айырылды. Олар 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.