Қызылордада Qnet қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардан 301 млн теңгенің мүлкі тәркіленді

Қызылордада Qnet қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары сотталды. Олардан 301 млн теңгенің мүлкі тәркіленді. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады.
Тергеуді агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаменті жүргізген.
«Күдіктілер азаматтарды көп деңгейлі маркетингтік желі мен электронды коммерцияға инвестиция салуға, оның ішінде жалған «QVI tripsaver» саяхат карталарын және зергерлік бұйымдарды сатып алуға үгіттеген», – делінген ақпаратта.
Қатысушылардың салымдары 840 мыңнан 4 млн теңгеге дейін өзгеріп, міндетті шарт ретінде басқа қатысушыларды тарту талап етілген. Нәтижесінде қаржы пирамидасына 51 адам қатысып, олар 63 миллион теңгеден астам қаражат салған.
Сот шешімімен пирамида ұйымдастырушылары кінәлі деп танылып, 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот шешімімен 301 миллион теңге құны бар Астана қаласынан 7 пәтер және «Toyota Camry» автокөлігі тәркіленді.
Бұған дейін Qnet қаржы пирамидасын құрған Қызылорда облысының тұрғынына халықаралық іздеу жарияланды. Ол 59 адамның 60 млн теңгеден астам қаражатын иеленген деген күдікке ілінген.