Шымкентте кәсіпкерден 74 млн теңге алған полицейге тағылған айып үкім шығарда жеңілдетілді

Шымкент полиция департаментінің қаржылық қамтамасыз ету басқармасының бастығы болған Бақтияр Баянов 6 жыл 8 айға сотталды. Оған және өзге де сотталушыларға қатысты іс Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды деп хабарлайды KursivMedia.
Сотта Бақтияр Баяновтың Шымкент полиция департаментінің қаржылық қамтамасыз ету басқармасының бастығы бола тұра, «Сателит-А» компаниясының директоры Тимур Костинмен қылмыстық сөз байласқаны анықталды. Ол адамдар тобы болып, аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында, Тимур Костинді мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңімпаз ретінде танып бере аламын деп, бұл қызметі үшін 74 000 000 теңге ақша сұраған.
Костин Баяновтың ұсынысына келісіп, конкурс жеңімпазы атанғаннан кейін, Баяновқа 74 000 000 теңге ақша берген.
Қуаныш Абдалин полиция департаментінің бас маманы бола тұра, заңсыз түрде бір көзден сатып алу тәсілімен «Сателит-А» ЖШС-мен 370 000 000 теңге көлемінде келісімшарт жасаған.
Қанағат Қабылов Шымкент полиция департаментінің бөлім бастығы бола тұра өз міндеттерін тиісінше орындамай, келісімшарттағы техникалық сипаттаманың талаптарына сәйкес келмейтін жеткізілген тауарларды қабылдап алған.
Прокурор тағылған айыпты өзгертті
Прокурор жарыссөз сатысында сотталушы Баяновқа тағылған айыптан «аса ірі мөлшерде пара алу» бабын алып тастады. Сондай-ақ сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу, яғни бөтен мүлікті адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы қызмет бабын пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде талан-таражға салу бабын «алаяқтық» әрекетіне қайта саралауды сұрады.
Сот үкімі
Шымкент полиция департаментінің қаржылық қамтамасыз ету басқармасының бастығы Бақтияр Баяновқа адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы аса iрi мөлшерде жасалған алаяқтық бабы бойынша кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. Ол мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды.
Полиция департаментінің бас маманы болған Қуаныш Абдалин лауазым өкiлеттін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, 2 жылға сотталды.
Тимур Костин адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы аса iрi мөлшерде жасалған алаяқтық бабы бойынша кінәлі деп танылып, шартты түрде 5 жылға сотталды.
Шымкент полиция департаментінің бөлім бастығы Қанағат Қабылов 2 жылға бас бостандығы шектелді.
Іс бойынша сотталған үш полицей арнайы шендерінен айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Бақтияр Баяновтың ұсталғаны туралы ақпарат 2024 жылдың қыркүйегінде тарады.