Банк пен қаржы

Курс жазылған табло – тоқсаныншы жылдардан қалған анахронизм

Фото: shutterstock

Көше бойындағы курс жазылған тақталар – тоқсаныншы жылдардан қалған анахронизм және оларды алып тастау керек. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бүгінгі брифингте осылай деп айтты.

«Біз цифрлық дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Жапондық йен, доллар не дирхам болсын (курсын – ред.) бір сәтте білуге мүмкіндік бар. Курс жазылған таблолар – тоқсаныншы жылдардан қалып қалған анахронизм. Мәскеу, Вашингтон, Лондон, Парижде жоқ. Ешбір дамыған қалада көшеде курс жазылған тақталар жоқ. Ал бізде қалып қалған анахронизм ретінде тұр. Тайланда, Вьетнамда бай туристер келіп, қолма қол ақшамен жергілікті валютаға айырбастау керек, түсінікті. Біз басқа сәтте, басқа дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Экономикамыздың кепілдігі туризм емес. Қолма-қол ақшамен келіп айырбастайтын туристер экономиканың тірегі деп айтуға болмайды», – деп түсіндірді Сүлейменов.

Сондықтан оларды алып тастау қажет екенін мәлім етті. Ал валюта бағамын Курс кз сайтынан немесе Каспий мен Халық банктің қосымшасынан білуге болады деген кеңес берді.

Ұлттық банк айырбастау пункт иелеріне бағам жазылған тақтаны көшеге ілуге тыйым салған заң жобасын әзірледі. Жоба авторларының түсіндіруінше, ол тақталар жүргізушілерді алаңдатып, қауіпсіздікке әсер ететін болғандықтан алып тастау қажет. Бірақ тек көше бойындағы таблолар алынуы тиіс, ал әуежай, теміржол мен іскерлік орталықтардағы тақталар қала береді.

Айырбастау пункттері қауымдастығы бұған қарсы. Олар курс жазылған табло әлеуметтік маңызы бар ақпарат ретінде ашық ілінуі керек, қауіпсіздікке еш әсері жоқ деп есептейді.