Джей Лоның концерті кезінде әуе билеттері қаншадан сатылады

Әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопестің Астанада 1 тамыз күні өтетін жеке концертіне билет сатылымы басталды. Адамдар билет алу үшін онлайн кезекте сағаттап тұруда. Осы орайда KursivMedia 31 шілде мен 2 тамыз аралығында елордаға Алматы, Шымкент, Ақтау қалаларынан ұшақпен барып қайту қанша тұратынын қарап көрді.
Алматы
Air Astana екі бағытқа ұсынатын билеттердің ең арзаны 100 мың теңге. Әзірге билет те, рейс те жеткілікті.
Лоукастер саналатын FlyArystan билеттері Air Astana билетіне жетеғабыл – Джей Ло концертіне барып, қайту 97 233 теңгеден басталады. Мұнда да билет баршылық.
Scat біршама қолжетімді баға ұсынып отыр. Әуе компаниясының ұшақтарымен осы күндері Астанаға барып-қайту 52 463 теңгеден басталады. Алайда қазірдің өзінде әр рейсте он шақты орын ғана қалған.
Шымкент
Шымқала тұрғындары үшін Air Astana билеттері тіптен қымбат. Джей Ло концертіне жолақыға ғана кемі 166 мың теңге дайындау керек. Әрі төрт сағатта ұшып баратын бір ғана рейс бар. Қалғанында ұшу 6 сағаттан, 8 сағатқа дейін созылады. Рейстің бәрі Алматы арқылы ұшады.
FlyArystan ұсыныстар біршама қолжетімді. Мұнда төрт бағыт бойынша бару билеті 19 мың, қайту билеті 22 мың теңгеден басталады. Ескеретін жайт, билет тез сатылып жатыр.
Scat-тың бұл бағыттағы билеттері Алматыдан ұшқандағымен шамалас. Астанаға ұшып бару 25 мыңнан, қайту 26 мыңнан басталып тұр. Баса айтатын нәрсе, әуе компания сайты ұсынылған бес бағыттың әрқайсысына 7-ақ билеттен көрсетіп тұр.
Ақтау
Джей Ло кешіне мұнайлы астанадан Air Astana арқылы ұшып барып қайтамын десеңіз, кемі 145 мың теңгені жолға деп алып қойыңыз. Бұл бағада тек бір рейс бар, қалғанында билет құны бір бағытқа 96 мың теңгеден басталды.
FlyArystan барғанға 36 мың мен 52 мың теңге аралығында үш рейс ұсынып отыр. Қайта ұшатын 46 теңгелік үш рейс, 85 мың теңгелік екі рейс орындалады.
Scat компаниясында барып-қайтуға бір-ақ рейс бар. Бағасы 98 мың теңгеден басталады.
Әйгілі поп-жұлдыз Дженнифер Лопес 2025 жылғы 1 тамызда Астанадағы концертін Up All Night әлемдік туры аясындағы өткізгелі отыр. Концерт билеттерінің құны 40 мың теңгеден басталады.