Жаңалықтар

Дженнифер Лопестің концертіне билетті бөгде сайттардан алу қауіпті – Freedom Ticketon

Дженнифер Лопестің концертіне билеттерді бөгде сайттардан алу қауіпті –Freedom Ticketon
Дженнифер Лопестің концертіне билетті бөгде сайттардан алу қауіпті –Freedom Ticketon/Фото: Reuters

Freedom Ticketon компаниясы Астанада өткелі жатқан Дженнифер Лопестің концертіне билеттерді бөгде сайттардан сатып алу қауіпті екенін ескертті.

Компания таратқан ақпараттық хабарламада Дженнифер Лопестің концерті бұрын-соңды болмаған қызығушылық тудырып отырғаны айтылады. Бастапқы квота бойынша бөлінген барлық билет ресми Freedom Ticketon сайтында әп-сәтте сатылып кеткен.

«Қазіргі уақытта Freedom Ticketon командасы жалған және күдікті аккаунттарды пайдаланып билеттерді жаппай сатып алу деректері бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Өкінішке орай, билеттердің OLX сияқты үшінші тарап платформаларында бірнеше есе қымбат бағамен қайта сатылып жатқан жағдайлары тіркелді», – делінген хабарламада.

Ақпаратта қазіргі кезеңде көрермендер финалдық билеттерді емес, ваучерлерді сатып алып жатқанын айтылады.

Тараған мәліметке қарағанда, валидация процесі әлі де жүріп жатыр, ал нақты билеттер концертке бірнеше күн қалғанда ғана беріледі. Сондықтан үшінші тұлғалардан ваучер сатып алу — концертке мүлде кіре алмай қалу қаупін тудырады.

«Компания барлық жанкүйерлерден билеттерді тек ресми Ticketon сайтынан сатып алуды сұрайды, бұл алаяқтық пен жарамсыз билеттерден сақтанудың жалғыз жолы. Техникалық жұмыстар аяқталғаннан кейін Freedom Ticketon командасы ресми сатылымға қосымша билеттер ұсыну үшін бар күшін салады», – дейді компаниядағылар.

Билет бойынша жаңалықтарды ticketon.kz сайтынан және Astana Concert-тің ресми парақшаларынан қадағалап отыру ұсынылды.

Дженнифер Лопестің концертіне билет сатылымы бүгін ашылып, 4 сағаттың ішінде сатылып кеткен.

Ізінше билеттер ОЛХ арқылы он есе қымбатқа сатыла бастаған.

Әйгілі поп-жұлдыз Дженнифер Лопес 2025 жылғы 1 тамызда Up All Night әлемдік туры аясында «Астана Аренада» концерт береді.