Кәсіпкерлер палатасы валюта бағамы бар таблоны алып тастауға қарсы

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Ұлттық банктің айырбастау пункттерінде валюта бағамдары бар жарық таблоларды алып тастау туралы бастамасына наразылық білдірді.
ҰКП сарапшылары мәселені бизнес-қауымдастық өкілдерімен, тұтынушылар, сәулет және қала құрылысы істері жөніндегі уәкілетті органдардың және жол полициясының қатысуымен мұқият пысықтау қажеттігін айтады.
Палата Ұлттық банктің ақпараттық стендтер көлік құралдарының қозғалысына қауіп төндіреді деген тұжырымының негізі жоқ деп санайды.
«Валюталарды сатып алу/сату бағамы туралы ақпарат жалпыға қолжетімді ақпарат. Ғимаратқа кіре берістен тыс орналастырылатын деректер сыртқы (көрнекі) жарнамаға жатады және оларды заңнама талаптарына сәйкес жалпы негіздерде валюта айырбастауды жүзеге асыратын уәкілетті ұйымдар белгілейді», – деп атап өтті ҰКП сарапшылары.
Сонымен қатар, палата таблоны алу тұтынушылардың құқығын бұзатынын атап өткен.
«Заңнамаға сәйкес азаматтардың тауар (жұмыс, қызмет) және олардың жеткізушілері (дайындаушы, орындаушы) туралы толық, дұрыс және уақтылы ақпарат алуға құқығы бар. Көше тақталарына тыйым салу айырбастау пунктіне барғанға дейін валюта бағамдары туралы ақпаратқа қол жеткізуді шектейді. Бұл «Атамекен» сарапшыларының пікірінше, ашықтық қағидаттарына қайшы келеді және тұтынушыға бәсекелестік нарықтағы жағдайларды объективті бағалау мен салыстыруды қиындатуы мүмкін» дейді палатадағылар.
Палата мамандары аталмыш бастама ҚР Конституциясына сәйкес, әркімнің еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар деген бапқа және ҚР Кәсіпкерлік кодексінде көзделген адал бәсекелестік қағидаттарына қайшы келетінін қоса кетті.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов көше бойындағы курс жазылған тақталар – тоқсаныншы жылдардан қалған анахронизм екенін айтып, оларды алып тастау керек деген бастама көтерген.