Жаңалықтар

Қырғызстан мемлекеттік гимнге лайық музыка мен мәтін таппай жатыр

Қырғызстан мемлекеттік гимнге лайық музыка мен мәтін таппай жатыр
Қырғызстан мемлекеттік гимнге лайық музыка мен мәтін таппай жатыр/Фото: Қызғызстан мәдениет министрлігі

Қырғыз мәдениет министрлігі мемлекеттік гимннің мәтіні мен музыкасына жаңа конкурс жариялағалы жатыр.

Бұл шешім 9-10 сәуір күндері өткен мемлекеттік гимннің жаңа редакциясын іріктеу бойынша комиссияның екінші отырысында қабылданған.

Комиссия «ұсынылған жобалардың әртүрлілігіне қарамастан» мазмұны мен көркемдік талаптарға толықтай сай келетін туындыны таба алмаған. Сол себепті министрлік жаңа конкурс жариялауға шешім қабылдаған. Конкурсқа 703 жұмыс келіп түскені белгілі болды.

Жаңа ережелерге сәйкес, алғашқы кезеңде гимннің мәтіні таңдалады, ал екінші кезеңде сол мәтінге музыка жазуға конкурс өтеді. Бұған дейінгі байқауға қатысқандар да жаңа жоба ұсыну арқылы қайта қатыса алады.

Ақпан айының басында Мәдениет министрлігі жаңа мемлекеттік гимн нұсқасын жасау үшін композиторлар, ақындар, музыканттар мен шығармашылық ұжымдарды конкурсқа қатысуға шақырған. Жеңімпазға 1,5 миллион сом сыйақы уәде етілген.

Гимнді өзгерту бастамасын парламент спикері Нурланбек Тургунбекуулу көтерген. Оның пікірінше, республика қазір аяққа тұрып, даму жолына түскен, ал қазіргі гимн елдің КСРО құрамынан шыққаннан кейін қабылданған. Өткен жылдың желтоқсанында Министрлер Кабинеті үш жаңа гимн нұсқасын ұсынатын депутаттық комиссия құрған, ал соңғы нұсқаны Жогорку Кенеш таңдайды.