Тоқаев: Шырайлы Шымкент еліміз үшін өте маңызды қала

Президент Қ.Тоқаев Шымкент қаласына жасаған сапары барысында Конгресс-холға жиналған жергілікті қауым алдында сөз сөйледі.
Президент шаһарға жұмыс сапарымен арнайы келгенін, шырайлы Шымкент ел үшін өте маңызды қала, тарихы терең қастерлі мекен екенін атап өтті.
«Халқымыз Шымкентті шырайлы шаһар деп атайды. Расында бұл жердің ауа райы да, адамдары да өте керемет, ерекше деп айтуға болады. Қала тұрғындары өте еңбекқор, таза, іскер азаматтар. Осы жерде отырған әр азаматтың еңбегі мол. Мен баршаңызға шын көңіліммен ризашылығымды білдіремін» – деді ол.
Президент көне шаһар тоғыз жолдың торабында тұрғанына назар аударып, Шымкентте ерте заманнан бері сауда-саттық өркен жайып,, түрлі мәдениеттер мен дәстүрлердің ізі қалғанынын айтты.
«Бұл керуеннің көші әлі де үзілген жоқ. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі осы қаланы басып өтеді. Күре жолдың арқасында шаһардың стратегиялық маңызы арта түсті. Менің бірер жыл бұрын Шымкент халқымен кездескенім естеріңізде болар. Сол кезде айтқан сөзімді тағы да қайталап өткім келеді: «Береке дегеніміз – экономика, ал ынтымақ дегеніміз – саясат». Шын мәнінде, осы екі құндылық елімізді алға бастайды. Мұны Шымкенттің бүгінгі келбетіне қарап айтуға да болады» – деді президент.
Қалада президент тапсырмасымен бірнеше әлеуметтік нысан салынған. Олардың қатарында Конгресс-холл, екі Оқушылар сарайы, 11 жайлы мектеп бой көтерді.
«Шымкенттің бір топ азаматы Конгресс-холды «Tulip Hall» деп атамай, бұл ғимаратқа «Қызғалдақ сарайы» немесе «Қызғалдақ» деген атауды беру жөнінде ұсыныс айтып жатыр. Меніңше, орынды пікір, келісуге болады. Олай болса, сарайдың атауы «Қызғалдақ» болсын. «Қызғалдақ сарайы» деген сәл ұзақтау екен» – деді ол.
Былтыр Шымкентте жалпы аумағы 1,3 миллион шаршы метр болатын тұрғын үй салынған. Металлургия, құрылыс саласы, азық-түлік өндірісі қарқынды дамып жатыр. Қала экономикасы 11 пайызға өсті. Шымкентте 300-ден астам инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның нәтижесінде 9 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Былтырдың өзінде қалаға 770 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылған.
Президент халық арасында Шымкентті «кәсіпкерлердің отаны» деп атайтынына назар аударып, қала экономикасының жартысынан көбі 140 мыңға жуық шағын және орта бизнес нысанының еншісінде екенін жеткізді.
«Мегаполистің демографиялық өсімі де жоғары. Табиғи өсіммен бірге, мұнда көшіп келіп жатқандар көп. Осының өзі қаланың тіршілікке қолайлы, болашағы зор екенін көрсетеді. Бірақ бақылаусыз көші-қон, яғни, миграция тиісті техникалық және әлеуметтік инфрақұрылымға әсер етеді. Мұны да ұмытпауымыз керек» – деді ол.
Президент шаһар қол жеткізген табыстың бәріне, ең алдымен, еңбекқор, іскер әрі ұйымшыл халқының арқасында жетіп отырғанына назар аударып, қазіргі алмағайып заманда бұл қасиеттер әр азаматтың бойынан табылуы керектігін айтты.
Президент Шымкентке сапары барысында қаланың сауда-логистикалық орталығы мен ауыл-шаруашылық көрмесін аралап, Shymkent City» саябағына барған. Сондай-ақ қалада Freedom холдингі жүзеге асырып жатқан жобалармен танысқан.