Freedom Шымкентке 7,5 млрд теңге инвестиция салды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Тимур Тұрлов Шымкенттегі инвестициялардың негізгі бағыттарын атап өтті
Тимур Турлов Шымкенттегі инвестициялардың негізгі бағыттарын атап өтті / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Милош Муратовский

Бүгінгі күні Freedom холдингінің еншілес компаниялары арқылы Шымкентке салған жеке инвестициясының көлемі 7,5 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы Шымкентке жұмыс сапарымен барған президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде Freedom Holding Corp негізгі акционері Тимур Турлов мәлім етті.

Интернет желілерін тарту

Екі жыл бұрын холдинг құрылымында Freedom Telecom телекоммуникация компаниясы құрылған. Компания Қазақстанның 14 қаласында, оның ішінде Шымкентте де жұмыс істейді.

«Бүгінгі күні Freedom Telecom-ның Шымкентке салған жеке инвестиция көлемі 7,5 млрд теңгені құрайды. Оның аясында тұрғындардың жайлылығы үшін қалада 13 жерге (40 нүкте), оның ішінде 10 саябаққа тегін Wi-Fi желісін орнаттық. 2025 жылы кемінде 300 жаңа нүкте орнату жоспарланып отыр. Бұл – әуежай, «Ордабасы» стадионы, «Наурыз» саябағы және т.б. Жалпы алғанда, Қазақстан бойынша 150-ден астам локацияда 1000-нан аса Wi-Fi нүктесі жұмыс істеп тұр», – деді Турлов.

Сондай-ақ ол Шымкентте 800 км-ден астам талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, жиыны 150 базалық станция салынатынын атап өтті. Бұл қала тұрғындары мен қала маңындағы елдімекендерді кең жолақты сымсыз интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Деректерді өңдеу орталығы

Кездесуде Шымкентте 20 сөрелік заманауи МикроДЦО (деректерді өңдеу орталығы) құрылысы жүріп жатқаны айтылды. Бүгінде қосарлы мақсаттағы инновациялық тіректер тестілеуден өтуде. Бұл тіректерге бейнебақылау орнату арқылы қаланың қауіпсіздігін арттыруға болады. Алдағы уақытта тіректер санын 20-ға дейін жеткізу жоспарланған.

Sergek

Бүгінде 13 қалада жұмыс істейтін ұлттық AI-платформа – Sergek те Freedom холдингіне қарайды. Қазіргі таңда бүкіл ел бойынша 70 мың камера Sergek басқаруында, бұл ЖКО-дан болатын өлім-жітімді 50%-ға, ал қоғамдық орындардағы қылмысты 40%-ға азайтуға мүмкіндік берді.

Медицина саласындағы жобалар

Кездесуде Турлов холдинг түрлі салаларда инновациялық жобаларды белсенді түрде дамытып жатқанын атап өтті. Солардың бірі – Med365 инновациялық медициналық жабдықты әзірлеу және өндіру компаниясы. 

Компания 2019 жылы стартап ретінде басталып, Astana Hub резиденті атанған. Әрі «Алтын сапа» жүлдесін жеңіп алған алғашқы IT-компания.

«Med365 ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға көмектеседі. 2024 жылдан бастап бұл жоба Қарағанды облысындағы 100 ауылда пилоттық режимде іске қосылды, мыңдаған адам тексеруден өтті. Пилот жобаның бірқатар артықшылықтары дәлелденді. Енді Шымкент агломерациясы мен Түркістан облысында кеңінен іске асыру жоспарлануда. Жалпы 4 млн-нан астам адамды қамту көзделген, оның жартысы ауыл тұрғындары. «е-Медтексеру» ақпараттық жүйесі – бұл 100-ден астам медициналық параметрді қамтитын, шақырылатын азаматтың цифрлық денсаулық картасын жасауға мүмкіндік беретін кешенді шешім. Жүйе Шымкентте сәтті пилоттан өтті«, – деді ол.

Кездесу соңында Тимур Турлов Шымкентте қазіргі жұмыстарды күшейтіп, кеңейтіп қана қоймай, жаңа бағыттарды да дамытуға дайын екенін мәлім етті.

Бұған дейін, Тимур Турлов Қарағандыда заманауи футбол академиясын салатыны хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз