2025 жылдың І тоқсанында жалпы ішкі өнім өсімі 5,8%-ды құрады

Ұлттық статистика бюросының алдын ала дерегінде қаңтар-наурыз айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі өсіп, 5,8%-ды құрады. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жиында белгілі болды.
Нақты көлем индексі көлік саласында – 21%-ды, құрылыста – 16,9%-ды, өнеркәсіпте – 6,6%-ды, саудада – 6,3%-ды құрайды.
«Негізгі өсім машина жасау (17,7%), тамақ өндірісі (13,2%), машиналар мен жабдықтарды қоспағанда, дайын металл бұйымдары (28,7%) салаларындағы көрсеткіштердің өсуі арқасында қамтамасыз етілген. Сонымен қатар тау-кен өнеркәсібінде өсім (6,1%) байқалды», – делінген хабарламада.
2025 жылдың І тоқсанында өңдеу өнеркәсібінде тұрақты оң серпін 8,7% деңгейінде сақталып отыр.
Ал қаңтар-ақпан айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнім өсімі 5,4%-ды құраған. Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасы жылына кемінде 6 пайыз өсім көрсетуі керек деген міндет қойған.