Біз салық саясатын қатаңдатпаймыз, керісінше ретке келтіреміз – Тоқаев

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: Aqorda, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласына сапары барысында қолға алынып жатқан салық реформасы жайында пікір білдірді. Президенттің айтуынша, үкімет салық саясатын қатаңдатпай, керісінше ретке келтірмек.

«Қазіргі кодекс көп өзгеріске ұшыраған. Заңға тәуелді актілерге және жекелеген жағдайларда басқаша ереже қолданатын ерекшеліктерге толы. Кодекс оқып, түсінуге қиын құжатқа айналған. Соның салдарынан кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер оны әрқалай қабылдап, өз уәждерін алға тартады. Қаптаған жеңілдіктер мен салық режимдері кәсіпкерлердің бір бөлігіне артықшылық берсе, тағы бірі оған наразы», – деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша бастапқыда салық жеңілдігі экономиканың белгілі бір салалары мен бизнестің нақты санаттарын қолдау мақсатында енгізілген. Бірақ кәсіпкерлер жеңілдікті бас пайдасына жаратып, салықтан жалтарып, бизнестерін бөлшектей бастаған.

«Мұндай жағдайға біз жол бере алмаймыз. Қазақстан жаппай офшор аймағына айналып кетпеуі керек. Мұның бәрі салықты басқару жүйесін күрделендіріп, салық жүктемесі әділетсіз бөлінетін жағдайға әкеп соқты. Қазір Парламентте мүлдем жаңа Салық кодексі қаралып жатыр. Аталған құжат бизнестің де, мемлекеттің де мүддесін ескеріп, кәсіпкерлерді салықты дұрыс төлеуге ынталандыруға тиіс. Қосымша салық түсімдері даму бюджетін ұлғайтып, жаңа мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салуға мүмкіндік береді. Ашық және тұрақты салық жүйесі еліміздің инвестициялық әлеуетін күшейтеді», – деді ол.

Жаңа Салық кодексінің жайы

Қазақстан үкіметі жаңа Салық кодексін дайындап, парламент қарауына ұсынды. 9 сәуірде мәжіліс құжатты бірінші оқылымда мақұлдады.

Соған сәйкес, қосылған құн салығының мөлшерін 16 пайызға дейін көтеріп, ҚҚС-қа тіркеу шегін 40 млн теңгеге дейін төмендету көзделген. Яғни, жылдық қаржы айналымы 40 млн теңгеден асатын кәсіпкер қосылған құн салығын төлеуі керек болады. Бұл ретте халыққа қызмет көрсететін кәсіпкерлерге қосылған құн салығы салынбайды.

Одан бөлек, 128 салық жеңілдігі жойылып, 3 қана салық режимі қалады. Үкіметтің жаңа құжат негізіндегі ұсыныстарын мына жерден толық оқуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз