Қазақстан Трамптың сауда салығын кейінге қалдыру туралы шешімін қолдайды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock, биль-редактор Ахтам Зиперов

Жаһандық сауда соғысының өршуі салдарынан дүние жүзінде күрделі ахуал қалыптасып келеді. Бұл ретте Қазақстан Дональд Трамптың сауда салығын салуды 90 күнге шегеру бастамасын қолдайды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының жұртшылығымен кездесуі барысында мәлімдеді.

«Егер мұндай текетірес орын алса, оның зардабын барлық ел тартады. Оған еш күмән жоқ. Бұл ретте біз Президент Трамптың аталған қақтығысқа қатысы бар елдердің ұстанымдарын нақтылап, мүмкіндігінше келіссөз бастау үшін 90 күн мораторий жариялау туралы байыпты шешімін құптаймыз», – деді Тоқаев.

Сарапшылар елдердің бір-біріне қарсы тарифтер енгізуі әлем экономикасының құлдырауына түрткі болып, халықаралық сауда-саттықтың бүкіл ережесін тас-талқан етуі, тіпті, оның соңы қарулы қақтығыстарға дейін ұласуы мүмкін деп ескертеді. Бұл ретте Президент Қазақстан өзінің жан-жақты даму жолынан ауытқымайтынына назар аударды.

«Әлемнің қатаң тарифтік қақтығыстар саясатына көшкені анық. Әңгіме кезекті рецессия жайында ғана емес, жаһандық экономиканың іргесін шайқап, халықаралық қатынастар жүйесіне ауыр зардабын тигізетін дағдарысқа бет алғанымызда болып отыр. Біз қазіргі ахуалды мұқият сараптап, барлық қауіп-қатерді ескеріп жатырмыз. Ешбір қиындыққа қарамастан, Қазақстан жан-жақты жаңғыру жолынан ауытқымайды, стратегиялық бағдарымыз да өзгермейді. Біз инфрақұрылым, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және басқа да бағыттар бойынша ірі жобаларымызды жүзеге асыра береміз. Жұмыс тоқтамайды. Сондай-ақ, әрине, мемлекетіміз әлеуметтік міндеттемелерін орындайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сауда соғысы Трамптың 200-ге жуық елге баж салығын көтеруінен басталды.

Сондай-ақ оқыңыз