Өзбекстан – басты серіктес, Түркіменстан – тұйық нарық: Қазақстанның Орталық Азиядағы сауда картасы

Қазақстанның Орталық Азия елдерімен сауда-саттығы – аймақтық экономикалық интеграцияның маңызды бөлігі. Бұл байланыстар тек экономикалық емес, сондай-ақ геосаяси, инфрақұрылымдық және мәдени аспектілермен де тығыз байланысты.

2024 жылғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанның Орталық Азия елдерімен өзара сауда көлемі 7,5 млрд АҚШ долларынан асқан. Бұл көрсеткіш аймақтық серіктестік пен экономикалық өзара тәуелділіктің артып келе жатқанын айқын көрсетеді.
Қазақстан – Өзбекстан
Орталық Азиядағы екі үлкен елдің сауда айналымы былтыр 4,1 млрд долларды құрады. Өзбекстанмен сауда соңғы 5 жылда жыл сайын 10–15%-ға өсіп келеді. Бұл елмен индустриялық кооперация жобалары (бірлескен өндіріс орындары) артып жатыр. Екі ел тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізбек ниетте.

Бұл – Қазақстанның Орталық Азия елдерімен жалпы сауда көлемінің 54%-ын құрайды. Өзбекстан – аймақтағы ең ірі экономикалық серіктес.
Экспорт (Қазақстан → Өзбекстан): 2,8 млрд доллар
- Астық өнімдері: бидай, ұн
- Мұнай өнімдері, жанармай
- Қара және түсті металл
- Химиялық өнімдер (тыңайтқыш, пластмасса)
- Электр энергиясы
Импорт (Өзбекстан → Қазақстан): 1,3 млрд доллар
- Жеміс-жидек, көкөніс (жүзім, шабдалы, анар, қызанақ)
- Авткөлік жабдықтары мен қаңқалары
- Мыс
- Аяқкиім, тұрмыстық техника
- Автокөлік бөлшектері

Қазақстан – Қырғызстан
Қазақстан Қырғызстанның ең ірі сауда серіктесі саналады. Қырғызстаннан реэкспорт көлемі жоғары (яғни, үшінші елдің тауарлары Қазақстанға Қырғызстан арқылы өтеді). Сондай-ақ «Дордой» сияқты базарлар арқылы көп көлемде тауар тасымалданады. 2024 жылы екі бауырлас елдің жалпы сауда айналымы: 1,7 млрд доллар.
Экспорт: 1,3 млрд доллар
- Алтын
- Азық-түлік: ұн, макарон, қант
- Темекі бұйымдары
- Дәрі-дәрмек, химия өнімдері
Импорт: 456 млн доллар
- Түрлі дайын металл өнімдері
- Корбонат динатрия
- Киім-кешек, аяқкиім (Қытайдан әкелініп, Қырғызстан арқылы қайта сатылады)
- Электр энергиясы (маусымдық)

Қазақстан – Тәжікстан
Тәжікстан нарығы азық-түлікке қатты тәуелді. Қазақстаннан тұрақты түрде астық және жанар-жағармай сатып алады. Екі ел арасындағы энергетикалық кооперация да дамып келеді. Былтыр екі елдің алыс-берісі 1,2 млрд доллардан асты.
Экспорт: 996 млн доллар
- Бидай мен ұн – негізгі экспорттық позиция
- Темір
- Цемент, құрылыс материалдары
- Металл және химия тауарлары
Импорт: 218 млн доллар
- Алюминий, сирек металдар (мырыш, қорғасын)
- Жеміс-жидек (абрикос, жүзім)
- Киім және тоқыма өнімдері
- Электр энергиясы (жазда)

Қазақстан – Түркіменстан
Салыстырмалы түрде төмен, бірақ стратегиялық жағынан маңызды. Түркіменстанның сыртқы саудасы жабық әрі шектеулі. Бірақ Қазақстанмен газ саласында ынтымақтастық артып келеді. Ақтау порты арқылы Каспий теңізі бағытындағы сауда байланысы нығайып отыр. Дегенмен де былтырғы сауда саттық 550 млн доллардан асты.
Экспорт: 335 млн доллар
- Ауыл шаруашылығы өнімдері
- Жанар-жағармай
- Құрылыс құрал-жабдықтары
- Металл өнімдері
Импорт: 221 млн доллар
- Табиғи газ және газ өнімдері
- Мақта талшығы
- Химиялық өнімдер
- Түрікмен кілемдері және халық қолөнері
Аймақтық интеграция мен транспорттық жобалар
Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда тек тауар алмасумен шектелмейді. Соңғы жылдары «Орталық Азия – Қытай», «Транскаспий халықаралық көлік дәлізі» (ТХКД) сияқты жобалар өңірлік логистиканың қарқынды дамуына серпін беріп отыр.
Мысалы:
- Қазақстан мен Өзбекстан арасында «Хоргос» пен «Сарыағаш» арқылы жүк тасымалы өсіп жатыр.
- Түркістан – Ташкент темір жолы салынып жатыр, бұл жолаушылар және тауар тасымалын жылдамдатуы мүмкін.
- Қырғызстанмен шекарадағы «Қарасу» және «Ақ-Тілек» өткізу пункттері жаңғыртылып, жүк өткізу жылдамдығы артқан.
Экспорттың әртараптандырылуы
Қазақстан Орталық Азия елдеріне тек шикізат емес, қайта өңделген, қосылған құны жоғары тауарларды сатуға көшіп жатыр. Атап айтқанда, Қазақстанда жасалған азық-түлік, дәрі-дәрмек және құрылыс материалдарыаймақ нарығында сұранысқа ие болуда.
Қорытынды
Қазақстанның Орталық Азия елдерімен сауда қатынастары жылдан жылға тереңдеп келеді. Бұл өзара сауда:
- Аймақтың азық-түлік, энергия және шикізат қауіпсіздігін қамтамасыз етеді
- Көлік-логистикалық хаб ретіндегі Қазақстанның рөлін күшейтеді
- Қазақстан экспортының географиясын кеңейтіп, жаңа нарықтар ашады
Әсіресе, егер Қазақстан экспортқа бағытталған өндірістерді дамыту саясатын жалғастырса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 8 млрд долларға жетуі мүмкін деген болжамдар бар.