Жол ережесін бұзғандар 2024 жылы 120 млрд теңге айыппұл төлеген

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
2024 жылы жүргізушілер 120 млрд теңге айыппұл төлеген / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Жол ережесін бұзған жүргізушілер 2024 жылы 120 млрд теңге айыппұл төлеген. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің Марат Қожаевтың депутаттық сауалына берген жауабында айтылған.

Бектенов 2023 жылы жол қозғалысына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық көлемі аз болғанын айтқан. Нақты айтқанда 2023 жылы 3,8 млн жол ережесін бұзу фактілері анықталса, 2024 жылы бұл көлем 12,7 млн жағдайға артқан. Яғни 3 есе, 8,9 млн-ға артқан.

12,7 млн әкімшілік құұқық бұзушылық үшін 139 млрд 850 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

«Оның 119 млрд 792 млн теңгесі немесе 85,7 пайызы өндірілді. 28,5 мың (+28%) жүргізуші көлік құралдарын басқару құқығынан айырылып, 23 мыңы (+11%) әкімшілік қамауға алынды. Жаяу жүргіншілерге қатысты мақсатты жұмыстар жүргізілуде, көрсетілген тұлғалардың 420,4 мыңы (+42%) әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген жауапта.

Сонымен бірге 47 мың жол қозғалысы ережесін бұзған электросамокат жүргізушілері жауапкершілікке тартылған.

Еске сала кетсек,  Марат Қожаев 13 ақпанда жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілерге айыппұл жеңілдігі беруді ұсынып, сауал жолдаған болатын. Депутат 10 реттен артық жол ережесін бұзғандардың жеңілдікпен айыппұл төлеу мүмкіндігін алып тастауды сұрады.

Сондай-ақ оқыңыз